Донорлыққа «Келісім бермеу» туралы мәлімет жеке куәлікке енгізілуі мүмкін. Транспланттау жөніндегі республикалық орталық өкілдері келесі жылы осы мәселені көтермекші. 70 пайыз жағдайда транспланттауға марқұмның туған-туыстары келісім бермейді. Қазақстанда заң бойынша «Келісім презумциясының» бар екенін көп адам білмейді. Яғни, сіз қарсы болмасаңыз, көз жұмған соң, автоматты түрде донор атанасыз. Мұндайда дау тумас үшін тіркелген емханаға «Қарсылық» немесе «Келісім» білдіру туралы алдын ала өтініш жазу керек.
Серік ЖАРЫҚОВ, ТРАНСПЛАНТТАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір біз кодекске өзгеріс енгіздік. 2019 жылдан жұмыс істейтін тармақ бойынша базаға тек донорлыққа «Қарсы» болғандарды тіркейміз. Сөйтсек қана «Келісім презумциясы» 100 пайыз жұмыс істейді. Адамдарды қалай қарсылық білдіремін деген сұрақ көбірек мазалайды. Шетелдерде азаматтардың жеке куәлігіне «Қарсылығы» туралы ақпарат енгізіледі. Біз де соны келер жылдан жүзеге асырғымыз келеді.
Қазақстанда донор мәселесі өткір тұр. Олардың санын 10 есеге дейін көбейту керек. Орган ауыстыруға кезек жылжу үшін 1 миллион адамға 20-30 донор табылуы шарт. Қазір елімізде 1 миллион адамға 1 донордан ғана келеді. Қазір үш мыңнан астам науқас кезекте тұр. Олардың 2525-не бүйрек, 500-ге жуығына бауыр, 100-ден астамына жүрек керек.
Серік ЖАРЫҚОВ, ТРАНСПЛАНТТАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Мысалға алсақ, Испания 1 миллион халыққа 43 мәйіттік донор болатындай жағдай жасаймыз деген мақсат қойып отыр. Біздегі көрсеткіш 1,70 қана. Айырмашылық жер мен көктей. Яғни, бізде жағдай катастрофалық деңгейге жеткен. Адамдарды аман алып қалу үшін ең болмаса Беларусиядағыдай бір миллион халыққа 28-30 мәйіттік донор табуымыз керек.
А. Сейфулла