Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтау тұрғыны жеке емхана дәрігерлерін сотқа бермекші

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2018
  • 3138

Өңешіне ота жасатқан Ақтау тұрғыны өтсіз қалды. Қала тұрғыны жеке емхана қызметкерлерін айыптап отыр. Айтуынша, ақ халаттылар бір отаның орнына екеуін жасаған. Науқас қос операцияға келісім бермегенін айтады. Ал, дәрігерлер болса жазбаша түрде келісім болғанын алға тартты. Заңғар Санай тарқатады. 

Бұрын заңгер, құрылысшы болған Анна Бектемірова бүгін жұмыссыз, үшінші топтағы мүгедек күйге түскен. Ол жеке емхана дәрігерлерінің жауапсыздығынан осындай халге душар болғанын 10 айдан бері дәлелдей алмай жүргенін айтты. Әуелі әйелдің өңешінде жарық бар екені белгілі болады. Алайда, операция барысында оның өтін де алып тастаған көрінеді. 

Анна БЕКТЕМІРОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Дәрігер келіп: «Иә, біз сенің өтіңді алып тастадық. Мен неге деп сұрадым. Сіз қос операцияны бірден жасау қиын болады дегеніңіз қайда? Неге олай істедіңіз деп айттым. Біржолата жазылып кетесің. Қиын. Бірақ, айығып кетесің»-деді.

Отадан кейін оның оңалып кетуі оңайға соққан жоқ. Өтін алып тастаған соң түрлі ауруға шалдыққан жеткізді. Емхана жағалап, хирург дәрігерге қайта жүгінгенімде емделудің орнына ғайбат сөз естіп қайттым,-дейді қала тұрғыны. 

Анна БЕКТЕМІРОВА, АҚТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Ол мені балағаттап, ойына келгенді айтты. Есіңнен ауысқансың деп айыптады. Менің науқас екенім рас, сізге емделуге келдім деп айттым. Соның салдарынан барлық жүйкеме зақым келгенін, асқазанға жасаған отаның өзін оңдырмағанын бетіне бастым.

Ал, жекеменшік емхана өкілдері өздеріне шаң жуытпай отыр. Олардың айтуынша науқастың бірден екі операция жасатуға берген жазбаша келісімі бар. Дегенмен, оны көрсете алмайтыны, ол дәрігерлік этикаға қайшы,-деді.  

Сәкен МЫРЗАҚҰЛОВ, ЖЕКЕМЕНШІК ЕМХАНАНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:  

Науқасқа бір сәтте екі ота жасады ұсындық. Өңештегі жарықты, яғни диафрагманы сонымен қоса өт қабын алып тастау үшін. Ол келісім берді. Ота ойдағыдай өтті. Халі қанағаттанралық болғанда емханадан жіберілді. Емхана тарабынан бар жағдай жасалды.

Анна Бектемірова арыз-шағымын облыстық денсаулық сақтау басқармасына да жеткізген. Ондағы мамандар ешқандай құқық бұзушылық болмаған деседі. Амалы таусылған Ақтау тұрғыны енді сотқа талап-арыз түсіріп,15 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіруді көздеп отыр. Жекеменшік емхана тарабы да екі баланың анасын сотқа бермекші. 

З. Санай