Әблязовқа тағы да сырттай жаза кесілді. «Экс-банкир өмір бойына бас бостандығынан айырылсын». Тараздық прокурорлар бүгін судьядан осыны сұрады. Мұхтар Әбілязов былтыр да Алматыда 20 жылға сырттай сотталған болатын. Онда «Ірі көлемдегі қаржылай алаяқтық жасады және 100 адамнан тұратын қылмыстық топ құрды» деп айыпталған. Енді тараздық прокурорлар екі жазаны біріктіріп, қашқын банкирді өмір бойына соттауды сұрайды.
Ілияс ЕСҚАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ БІРІНШІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Айыптаушы тарап Мұхтар Әблязовты Қылмыстық Кодекстің 1997 жылғы редакциясы бойынша 28-баб, 3-бөлігі және 96-баптың 2-бөлігінің «Ж, з» тармақтарымен айыпты деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймыз.
Айта кетейік, «БТА» банктің басшысы болған Ержан Тәтішевті, Қордай ауданында аңшылық кезінде Мұратхан Тоқмәди атып өлтірген еді. Ол өз қылмысын 13 жылдан кейін мойындап, тапсырыс берген Мұхтар Әбілязовтан 4 млн. доллар алғанын айтқан-тын. Сондықтан, Әбілязовтың қылмыстық әрекеті қазан айынан бері Таразда жан-жақты қаралып жатыр. Сот үкімі келесі аптада шығады.
Д. Әлімқұл