Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда баскетболшыны соққыға жыққан күдікті ұсталды - ІІД

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2016
  • 2842

Қызылжарда аяусыз соққыға жығылған баскетболшыны бір адам өлтіруі мүмкін емес. Игорь Нанаевтың туыстары осылай деп отыр. Аяусыз соққыға жығылған спортшы бір апта бойы жансақтау бөліміінде жатып, ес жимастан көз жұмды. Абзал Құрманкин мән-жайды білді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бір аптадан бері жақ ашпаған полицейлер бүгін ғана болған жайтты баян етті. Олар түнгі клубтағы төбелеске куә болған 56 адамнан жауап алған. Спортшы Игорь тек бір ғана жігітпен төбелескен деген тоқтамға келген. Қазір күдікке іліккен 21 жастағы жігіт қамауда деді. Айтуларынша, күдікті ешқандай жоғары оқу орнында оқымайды, ешбір жерде жұмыс істемейді.

Еңбек Сембин, СҚО ІІД басшысының тергеу бойынша орынбасары:

Біз 21 жасар жігітті құрықтап, уақытша ұстау абақтысына қамап қойдық. Куәгерлермен әңгімелесіп, бейнекамералардағы жазбаларды қарап, біз зардап шеккен азаматпен тек бір ғана жігіттің төбелескеніне көз жеткіздік. Қазір арнайы сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы фактіге қатысты Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Тәртіп сақшыларының мұндай қорытындысына марқұмның жақындары сенбейді. Тепсе, темір үзетін Игорьді бір ғана адам өлтірді дегенге күдікпен қарайды. Жаттықтырушы Михаил Дедовтың айтуынша, баскетболшыға бірнеше адамның жабылғанын спортшының командаластары да растап отыр. Бірақ заңға сәйкес тергеу кезінде олардың сұхбат беруге құқықтары жоқ.

Юрий Гранецкий, И. Нанаевтың өгей әкесі:

Сол күні клубта болған кісілердің барлығын іздеу керек. Бәлкім, біреу бірдеңе деп айтатын шығар. Әлгі жігіттер менің баламды жай ұрған жоқ. Алған жарақатына қарағанда, олар оны ұрып, өлтіргісі келген. Бұл не деген жауыздық? Игорь құлағасын, тоқтауға болады ғой. Көмектесулеріңізді сұраймын.

Андрей Аскеров, И. Нанаевтың жолдасы:

Адам ұсталды. Бірақ тергеу созылып кеткен сияқты. Барлығын тезірек істеуге болады ғой. Куәгерлер көп болғанымен, бәрі үндемей отыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Полицейлер тергеу амалдары 2 айға созылатынын айтады. Ал Игорьдің туыстары болса, жаназаға дайындалып жатыр. Марқұмның денесі Өскеменге ертең жеткізіліп, бүрсікүні жер қойнына тапсырылмақ.