Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлы даланың фольклоры мен музыкасы өнертанушылар мен әдебиетшілер көзімен

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2018
  • 7032

Алматыда қазақ фольклорын жинаумен айналысып, 30 жыл өмірін қазақ халық ауыз әдебиетін топтастыруға арнаған ғалым, ұлтымыздың фольклоры мен ауыз әдебиеті енген 100 томдық кітапты бастырған. Біздің тілшілерге Тоқтар Әлібек тағы да 100 томға арқау болатын құнды дүниенің жинақталып тұрғанын көрсетті. Ғалым енді мұндай құнды деректерді кітап қылып емес, бірден цифрлық жүйеге көшіруді ұсынып отыр. Бірақ, фольклортанушы қолжазбаларды сканерлеп, компьютерге енгізетін қондырғының 100 мың АҚШ долларына дейін бағаланатынын айтады.  

Ғалым Тоқтар Әлібек мына кабинетте 100 томға арқау болатын қолжазбалардың сақталғанын көрсетті. Олар қапталып, елеусіз жинақталып тұр. Былайғы жұрт мұнда не барын білмейді. Зерттеушілер осыншама дүниені кітап қылып шығарып, сөрелерге тізіп қоюға қарсы. Бірден цифрлық жүйеге түсіруді ұсынады. Ол үшін құны 100 мың АҚШ долларына дейін бағаланатын сканерлік аппараттар қажет.  

Тоқтар ӘЛІБЕК, ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ЖИНАҚТАУШЫ: 

Жақында Өзбекстанға бардым. Сонда ірі шығыстану инситуты бар. Әлгі жерде біз айтып отырған осы аппараттың 7-і тұр. Бізде ол жоқ. Істеп отырған жұмыс жер мен көктей.

Күні кеше жарыққа шыққан Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да осы мәселе көтерілген еді. Президент «Дала фольклорының антологиясын» жасау қажеттілігін айтты. Ғалым Тоқтар Әлібек 2014 жылы «Бабалар сөзі» атты жүз томдық шығарманы жарыққа шығарған. Біз мұрасын 100 том етіп шығарған жер бетіндегі жалғыз халықпыз,-дейді фольклортанушы. Отырықшы алып империяларда, қазақ ауыз әдебиетінің мұраларымен теңесе алмайды. Ол басылып шыққан 100 томдықты Гиннес рекордтар кітабына ұсынбақ.  

Тоқтар ӘЛІБЕК, ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ЖИНАҚТАУШЫ: 

Мұнда мәселе мынадай, біз «Бабалар сөзін» кітап етіп шығарғанда жалпы мына қолжазбаларда жатқан шағатай, араб, латында жазылған шығармаларды қазіргі жастар оқи алмайды. Жас емес біздің қазақтың 99 пайызы осыны білмейді. Мысалы, бір жырды, «Алпамыс» туралы жырды белгілі жырауға айтқызып, себебі сарынмен тыңдау жеңіл ғой, сондықтан электрондық жүйемен енгізіп, тарату. Оны пайдалану да өте тиімді.

Ал, филолог-ғалым Бижомарт Қапалбекті қазақтың мифологиялық туындыларындағы кейіпкерлеріне қатысты сұрақтар мазалайды. Мысалы, орыс халқында ертегінің белгілі бір кейіпкері барлық жерде бір бейнеде ғана беріледі. Біздің ауыз әдебиетінде «Мыстан кемпір» деп айтылғанымен, ол жас ұрпақ санасында әртүрлі бейнеде қалыптасқан. Жақында 2 мың данамен жарық көрген мына кітапта аталған кейіпкерлердің ортақ кейпі жасалыпты.    

Бижомарт ҚАПАЛБЕК, ФИЛОЛОГ:  

Мұның ішінде мифтік бірнеше кейіпкер бар. Мыстан кемпір, қазақтың төрт түлігінің пірлері. Бұларды мультфильмдерге, ойындарға балалар ұстайтын гаджеттерге кіргіземіз дейтін мамандар табылса, осыларды алып пайдалан берсе болады.

Ұлттық музыкамызда заманауи цифрлық форматқа бейімделмек. Елбасы бағдарламалық мақалада осыған да тоқталған еді. Еуразиялық кеңістікте қазақ әуендерін дәріптеп, қазіргі аудиторияға бейімдеу өте мүмкін,-дейді жас дирижер Абылай Тілепбергенов. Ол-Ұлттық музыка өнерін әлемдік деңгейге көтеріп жүрген Құраманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін басқарады. Жақында оркестр Испанияда қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай аспаптарын әуелетуге аттанбақ.   

Абылай ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, ҚҰРМАНҒАЗЫ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ БАС ДИРЕЖЕРІ: 

«ДЭКО» болсын, гитара болсын, скрипка болсын, біздің халық әуендері кез-келген аспаптарға бейімделгіш. Десе де әуенді тыңдағанда домбыра мен қобыздай әсер бермейтін шығар, бірақ түпкі жағына үңілсең, негізгі нүктесі- қазақтың әуендерінің шығып тұратынына шүкіршілік етемін.

Бабаларымыздың асыл сөзін бір арнаға тоғыстырып, ұрпаққа ұсынған ғалым алдағы уақытта арман болған сканерге қаржы бөлінер деген үмітте. Тоқтар Әлібек 30 жылын сарып еткен еңбекті болашақ ұрпақ цифрлық технологиямен ғана ұғынатынына сенеді. Ал, жас дирижер қобыз бен пианиноны үндестірген музыканттармен еуропалық турне алдындағы репитицияға кірісіп кетті.  

Р. Асқарбекұлы