Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандылық кәсіпкер шемішкенің қабығына саңырауқұлақ өсіріп отыр

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2018
  • 4630

Қарағанды облысында кәдімгі шемішкенің қабығына аспа саңырауқұлақ өсіру қолға алынды. Топар кентіндегі шаруашылық ай сайын 2 тонна өнім алады. Облыста тұңғыш рет пайда болған шаруашылықтың экологиясы нашар өңір үшін маңызы зор. Әзірге кеншілер аймағын қамтығанымен, өндірісті кеңейту жоспарда бар. Шемішке қабығының пайдасы жайлы Айжан Қуаштың репортажында.   

Кәсіпкер Әлия Жұматаева шемішкенің қабығын іске жаратқан облыстағы тұңғыш кәсіпкер. Ол алғашында саңырауқұлақты сабанда өсіріп көрген. Алайда, әуресі көп болған соң, ресейлік бағбандардың шемішке қабығын қолдану тәжірибесін үйреніпті. Нәтижесі айтарлықтай: алғашында бір айда 570 келі саңырауқұлақ жинаса, қазір ол көрсеткіш 2 тоннаға жеткен. Оның үстіне экологиялық таза, ағзаға пайдалы тағамға сұраныс көп екенін айтады.  

Әлия ЖҰМАТАЕВА, КӘСІПКЕР: 

Шемішкенің қабығы азотқа бай болғандықтан, мол өнім береді. Онда өскен аспа саңырауқұлақтар денсаулыққа өте пайдалы, ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады. Шемішке күнбағыстан алынатынын ескерсек, А, Е дәрумендеріне де бай.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл тәсілмен аспа саңырауқұлағын өсіру аса қиын емес. Қабық арнайы қапшықтарға қапталып, тұқым себілген соң 20 күннен кейін алғашқы өнім алынады. Өсімдікті зиянкестерден қорғап, бөлме температурасын сақтаса болғаны. 

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Бұл- аспа саңырауқұлақтар өсіп шығатын бөлме. Тіпті, екі айдың ішінде 5 рет өнім алуға болады екен. Мынадай қаптарға салынған шемішкенің қабығы қоректік заттардың барлығын бере алады. Тек оларды суару ғана жеткілікті.

Топар кентіндегі саңырауқұлақ шаруашылығы шемішкенің қабығын Алматы, Шымкент қалаларынан әкеледі. Оны кеміргіштерден қорғау керек. Кәсіпкер одан басқа 6 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Олар өсімдікке күтім жасайды.  

Арнұр АБДУСАЛАМОВ, САҢЫРАУҚҰЛАҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Шемішкенің қабығы дымқыл тәрізді болады. Бір пакеттен бізден үш, төрт, бес килограмнан шығады. Саңырауқұлақты еттің орнына жеуге болады. Пайдасы өте көп.

Қазақстанда шемішкенің қабығын іске жарататындар бірен-саран. Оны құнарлы тыңайтқыш, әрі отын ретінде пайдалануға болатынын көпшілік біле бермейді,-дейді кәсіпкер. Сондықтан қабықтан қалған қалдықты әзір жергілікті бағбандар пайдаланып отыр. Әлия алда өндіріс көлемін ұлғайтып, аспа саңырауқұлақтан дайындалған консерв тағамдар шығаруды қолға алмақшы.   

А. Қуаш