Русский Сайттың толық нұсқасы

«Алмазбек Атамбаевтың сұхбаты» туралы әңгіме шешімін тапты

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2017
  • 3083

Экс-елші Алтай Әбибуллаев «баяндамасын қазақша жасағаны үшін жұмысынан қуылды» деген ақпарат негізсіз. Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Сондай-ақ ол қырғыз елінің басшысы Алмазбек Атамбаевтың атышулы сұхбатына да тоқталды. Мәселенің қалай өрбігені жайлы баяндап берді. Дәуренбек Бақдәулетұлы тарқатады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Қазақстанның Польша мемлекетіндегі бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі Алтай Әбибуллаевтың  жұмыстан босауына коммерциялық қызметке араласу әрекеті себеп болған. Алайда, сыртқы саяси ведомство оның саладағы еңбегін ескеріп, СІМ-лігінен жұмыс тауып бермек. Осылай деген министр Әбдірахманов оның "қазақ тілінде баяндама жасағаны үшін қуылғаны" жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Ол рас емес, ол рас емес. Өздеріңізге мәлім, Елбасы өз шешімін шығарды. Астанаға оралады, сосын біз өз шешімімізді шығарамыз, оның басқа қандай жұмысқа тағайындалуы туралы.

"Соңғы кездері кей шет елдік сарапшыларды былай қойғанда, білдей бір мемлекеттің президенті Қазақстанның адресіне қолайсыз әңгіме айтты. Бұл жауапсыз қалмауы керек" Осылай деген Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев бұл мәселеде қатаңдық таныту керектігін айтып, ведомствоның атқарып жатқан әрекеті жайлы сұрады.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Жуырда көршілес, бауырлас Қырғыз мемлекетінің басшысы сол елдің азаматтарының шетінеп кетуіне бізді кінәлі етіп айыптады. Соңғы кездері осындай көбейіп кетті өзі. Ресейдің де кей белсенді азаматтары біздің елге кей сөздерді лақтырып тастап, қытығымызға тиіп жатады. Осының бәріне біз тоқтау қойып, қабағымызды таныту керек сияқты?

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:


Әр түрлі деңгейде бірнеше кездесулер өтті. Бішкекте, Астанада. Сіздерге толық түсініктеме беру менің міндетім осы жағдайда. Тағы да айтамын, қандай мәселе туындаса да, барлығы дипломатиялық құралдармен толық шешілді.

Сырттан қарыз алу тоқтамай тұр. Салдарынан соңғы бірер жылда 500 миллиард теңгеге жуық қаражат тек сол қарыздарды жабуға жұмсалған. Мемлекет қабылдаған бағдарламалар мен басым жобаларды жүзеге асыруда шет елдік қаржы ұйымдарынан қарыз тартуға дипломатиялық ұйымдар жәрдемдесетіні белгілі. Депутат Нұртай Сабильянов жөн-жосықсыз қарыз алып, жүзеге асырылып жатқанымен, жемісін бермейтін бағдарламалар бар екендігіне қатысты сын айтты.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты  "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Біздегі әр министрлік қарыз алуды әдетке айналдырып жатыр. Ол керек пе, керек емес пе, бір бағдарлама жасайды да, соны ала салады. Бірақ сол алған қарыздың 60-70 пайызы шет елдік консультацияға кетеді. Оның қажеті қанша? Сіздердің министрлік осыны бір жүйеге келтіру керек деп ойлаймын. Себебі ол қарыз бюджетке үлкен салмақ түсіруде. 500 млрд теңге қарызды жабуға қаржы бөліп отырмыз.

Қайрат Әбдірахманов, министрлікте осы мәселемен айналысатын арнайы департамент бар, ондағы мамандар қаржыны мақсатты жұмсауға қатысты мәселені қарастыратынын айтып өтті. Соңғы жылдары еліміз гуманитарлық көмек көрсету мақсатында 10 млрд теңге бөлген. Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко бұл қадам Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болуына септігін тигізіп, әлемдік аренадағы абройының артуына әсер еткеніне тоқталып өтті. Ал СІМ күні ертең Астанада Сирия мәселесі бойынша кездесудің 3-кезеңі басталатынын еске салды. 14-ші наурызда қос тарапты және көп тарапты кездесулер өтсе, 15-ші наурызда пленарлық отырыс өткізу көзделген. 

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ