Владимир Путин мен Реджеп Тайып Ердоған қалай татуласты? Күні бүгінге дейін белгісіз болып келген бұл құпияны бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жайып салды. «Нұрсұлтан Назарбаев феномені» тақырыбында оқушыларға арналған онлайн дәрістен оралған тілшіміздің бейнематериалында толығырақ.
Бүгінгі тарих пәнінің тарихта қалатыны анық. Бұл жолы мұғалімнің орнында-облыс әкімі. Сабақтың тақырыбы да ерекше-«Нұрсұлтан Назарбаев феномені». Даниал Ахметов Мемлекет басшысының өмір жолдарын баяндап, халықаралық саясаттағы беделіне де тоқталды. Мысалы, келесі раунды ертең Астанада басталатын Сирия қақтығысын шешуге біраз тер төкті. Елбасы әріптестерін үнемі ымыраға келуге үндейді. Осындай мәмілегерлігінің арқасында Түркия мен Ресейді татуластырды.
Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Түркия мен Ресейді біздің мемлекет басшысы жақындастырды. Бұл кезде ол Өзбекстанда іссапарда жүрген. Соған қарамастан, қонақ үйдегі бөлмесіне Ресей мен Түркия өкілдерін шақырып алып, кездесу ұйымдастырды. Бітімгер болу оңай іс емес. Осы кездесуден кейін екі елдің арасындағы тоң жібіп сала берді.
Қызықты дәрісті 300-дей жоғары сынып оқушылары зер салып тыңдады. Онлайн режимдегі дәріске облыстағы тағы бірнеше мың оқушы да көз тікті. Әкімге сұрақ қойған түлектерді білім гранттарын көбейту мен жатақхана мәселесі алаңдатып отыр. Сұранысқа ие мамандықтармен қатар, әкімнің жеке тәжірибесі де ұмыт қалмады.
Диаз НҰРТАЗИН, ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ №7 МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
Тау-кен инженері мамандығында оқу оңай емес, егер грантқа түспесек, жылына 1 миллион теңгеден астам ақша төлеуге тура келеді. Егер, осы кәсіпке бөлінер грант көбейтілсе, жақсы болар еді.
Дарья ЗУБОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАЛЫҚ №38 ГИМНАЗИЯ ОҚУШЫСЫ:
Әкімнің мұғалімдер туралы сұраққа берген жауабы өте ұнады. Өйткені, оның анасы 46 жыл бойы білім беру саласында еңбек еткен. Әрі өзі де осы салаға құрметпен қарайтынын көрсетті.
Даниал Ахметов өңірдегі оңды өзгерістерге кеңінен тоқталды. Мысалы, облыста 300-дей IT-кабинет жұмыс істейді. 440 білім гранты бөлінген. Аймақ басшысы бұл көрсеткіштің әлі де жақсарарына сенімді. Ал, сабақтың соңында әкім «Менің бірінші Президентім» тақырыбында үздік шығарма жазғандарға естелік сыйлықтар мен дипломдар тарту етті.
Е. Карин