Русский Сайттың толық нұсқасы

Тәуелсіз елдің қалыптасуындағы Елбасының рөлі

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2018
  • 4959

2000 мың градус пеште шойын балқытып шыныққан Нұрсұлтан Назарбаев қызметтегі кедергілерді де сол төзімділікпен еңсере білді. Президентпен жақын араласқан замандастары жастармен кездесіп, оларға Елбасының өмірін үлгі етті. Аймақтарда Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай «Жас Отан» жастар сессиясын ұйымдастырды. Мақсат-отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру. Кездесу барысында жас буын тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Президенттің рөлін, еңбек жолы тыңдап, болашаққа қойған мақсаттарын талқылады. 

Рақымжан қария Елбасымен алпыс жылдан бері таныс. 1958 жылы Украинаға Қазақстаннан 60 бозбала оқуға барған. Сол жігіттер арасынан алғыр Нұрсұлтан бірден көзге түсіп, «топ басы» сайланыпты. Екі жыл оқып, елге қайтқан студенттер Теміртауда кездескен. «Онда да Назарбаев басқаратын бригада үздіктер қатарынан көрінетін»-деді ақсақал. Жастармен кездескен президент замандасы 20 жастағы Нұрсұлтан шойын шоғының шарпуына қалай шыдаса, қызмет қиындықтарына да солай төзе білгенін жастарға үлгі етті.  

Рақымжан МЫРЗАХМЕТОВ, ЕЛБАСЫНЫҢ ҚҰРДАСЫ:   

Нұрсұлтан староста. Нұрсұлтан өте тапқыр, өте білгіш. Сол жастан-ақ белгілі болатын бәрімізге, адамгершілігі өте мықты адам. Менің құрдасым, мен де қырқыншы жылғымын. «Құрдастың Құдайы бір» дейді ғой.

Ал, өскемендік Вера Сухорукованың айтуынша, Президент кез келген адамды ашық әңгімеге тарта біледі. Жезқазғанда әкімнің орынбасары қызметінде жүргенде соған куәсі болыпты. Ет комбинатының директоры бәрін мақтай жөнелгенде, Нұрсұлтан төтесінен сұрақ қойған еді деп еске алды. Осыдан кейін кәсіпкер бар проблемасын жайып салған. Экс-мәжілісмен шағын және орта бизнесті қолдау туралы заңнама әзірленгенде осы ұсыныстар ескерілгенін айтады. Үлбі көпірінің ашылуындағы шара Вера Николаевнаның әлі есінде. 

Вера СУХОРУКОВА, «АЗИЯ АВТО» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:   

Көпірдің ашылу салтанаты аяқталды, бірақ президент ары қарай жол бар ма, жоқ па дегенді тексергісі келді. Ол: «Кеттік, өзеннің ортасына барайық»-деді. Көпірдің ортасына жеттік. Алдымен мотоциклдерді жібердік. Сөйтіп, өткелдің қажеттілігіне көз жеткіздік. Қала бөліктерін байланыстыратын көпір екенін көрді. «Жақсы»-деп жай жымиды.

Атырау жастарымен кездескен «Саясаттанушылар одағының» өкілдері Президенттің қазіргі саясаттағы рөлін тілге тиек етті. Қазақстанның әлемдік аренадағы ұстанымына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Ендігі міндет-барды бағалап, дамудың жаңа жолына шығу. Бұл тұста жас ұрпаққа артылар жүк ауыр болатынын айтты.     

Сайфолла САПАНОВ, Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРОФЕССОРЫ: 

Жастар қазір өздерінің қоғамдағы орны, мемлекеттік болашақта қай бағытта дамуда және қоғамдық сана туралы, Қазақстанның тарихи санасының қайдан басталғанын, қайнар көзі қайда, осыларды жаңа тұрпатта түсініп және соны жүзеге асыратын осы жастар.

21 ғасырдың баласы қандай болу керек? Президент қазан айындағы Жолдауында осы сұраққа кеңінен тоқталды. Білімділік, бәсекеге қабілеттілік, креативті ойлау, мақсатына жету үшін тынбай еңбек ету. Міне, басты талаптар. Павлодарлық студенттермен кездескен «Нұр Отан» партиясы өкілдері осы тұрғыда әңгіме өрбітті.     

Николай ДЫЧКО, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жастар Елбасы қойған барлық міндеттер мен стратегияны жүзеге асыруда маңызды, қажет дүниелерге қаншалықты дайын, еліне не бере алады, соны ойланып, сол бағытта дамуы қажет.

Ұйымдастырушылар Тұңғыш Президент күніне орайластырылған әрбір кездесуде студенттер Президенттің өнегелі жолынан тәрбие алды деген пікірде. Олар Нұрсұлтан Назарбаевты жаңа қырынан таныды. Оның қарапайым жұмысшыдан, көпбасшылық еңбек жолы жастарға серпін сыйлады.  

Ә. Мұхитқызы