Русский Сайттың толық нұсқасы

«Үкімет өшсе, залымдар көп, арлыға өмір сүргізбес...» Шәкәрімнің сүйегі Жидебайға жеткізілген шабадан

  • AstanaTV
  • 01 желтоқсан 2018
  • 4961

Семейдегі Абай музейінде ерекше жәдігер бар. Оны қастерлі деуге болар. 1961 жылы Жидебайға ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының сүйегі жеткізілген шабадан. Кеңес заманында миллиондап шығарылған зат. Адамдар сапарға шыққанда, үйінде киім сақтауға сатып алатын дүние. Семей қаласының тұрғыны Айдар Долынбековтің әкесі де 1953 жылы соның қоңыр түсті біреуін алады. Былтырға дейін шабаданды көздің қарашығындай сақтайды... 

Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА, АБАЙ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Айдар Доланбековтің әңгімесін тыңдасақ, әкесі бір күні келеді де анасына шабаданды босат деп, алып кетеді... Және сол бір оқиғадан кейін шешесі шабаданды асыл заттай сақтаған.

Қуат ҚИЫҚБАЙ, АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

1961 жылы Шәкәрімнің ұлы Ахат осы шабаданға әкесінің сүйегін салып Жидебайға жеткізген.

Қазақтың ұлы ойшылы, ақын Шәкәрімнің қалай, қашан және қандай жағдайда өлтірілгені қазір мәлім. 1925 жылы республиканы Голощекин басқаруға келгеннен соң халықтың малынан айырылып, кейін өзінің қынадай қырылғаны белгілі. Атқару комитетінің төрағасы, былайша айтқанда биліктегі екінші адам - Елтай Ерназаров инспекциялап Шыңғыстауға барады.Ереуілдер өткен аймақтарға сес көрсету үшін барғанын қарапайым халық қайдан ұқсын, аштықтан зорыққан өлмеші күнін айтудан үміттенеді. Бірақ Ерназаров пысқырып та қарамайды. Сонда ел қадір тұтқан Шәкәрім барады. Кездесуден шығып, халыққа үміттің жоғын бірден айтады. Өзі мәселе шешетін басшыға ұқсамайды, оған кіріп босқа уақыттарыңды кетірмеңдер деген.

Үкімет өшсе, залымдар көп, арлыға өмір сүргізбес,

Қарулы қасқыр құдайың болып, азаттық жолымен жүргізбес.

Айтқаны айдай келді. ішкі істер халық комиссарлары Абзал Қарасартов пен Халитовтың қолынан ажал құшты. Денесі құдық түбінде 30 жыл жатты.

Мейрамгүл ҚАЙРАМБАЕВА, АБАЙ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАР БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ:

Қабыш Керімқұлов сол кезде 18 тегі бозбала екен. Шәкәрімді атқанда әкесі: бар, денесін қайда тастайтынын көріп қайт, деген. Кейін Қабыш сол маңнан алыс емес жерде тұрады. Мал таптамауын қадағалап жүреді. 30 жыл күзетіп, Шәкәрімнің ұлы Ахатқа көрсетеді.

1961 жылы шілде айында Ахат құдыққа түсіп, 3 күн қазады. Сүйегін түгел тауып, сөз басында айтқан шабаданға салып, Жидебайға апарады. Сол жылдың тамызында мұсылман дәстүрімен жер қойнына тапсырады.

Қуат ҚИЫҚБАЙ, АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Көптеген куәгерлерден, естеліктерден бұл шабаданның Шәкәрім сүйегі салынған шабадан екеніне көз жеткіздік.

 Жаңа өз тарихымыздан қорытынды шығару туралы айттық. Шәкәрім ғұламаның өлтірілгеніне ғасырлар өткен жоқ. Бір ғасырға да жетпейді. Ақталғаны кеше. Демек зұлымдықтың әшкерленуі әп-сәтте. Өзгерістің болуы демде.