Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астана» телеарнасының жаңа жобасы көрерменге жол тартты

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2018
  • 3000

Ерекше жылқышы. Қос жанары көрмесе де қырдағы малды жазбай танитын, сезімтал жан Тарбағатайда тұрады. Астана арнасы әзірлеген «Ғажайып Қазақстан» жобасы көрерменге жол тартты. Адам аяғы баспаған қыраттар мен құс қанаты шалмаған шыңдарды түсіру үшін, жұмыс тобы бір ай тынбай тер төкті. Талай қызық кейіпкермен танысты, тылсым оқиғалардың куәсі болды. Соның бірі Серік Боданбаевтың тағдыры.  

Тарбағатайдың етегінде қой бағып жүрген мына жанды бір қарағанда зағип деп мүлде ойламайсың. Қолындағы қара таяғы оның өшкен жанарының жалғасы іспеттес. 20 жыл бойы күнде таңертең жүгенін арқалап, жайылып жүрген жылқысын жазбай табатын ол өзі сындыларды өте сезімтал келеді дейді.

Серік БОДАНБАЕВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Мынадай қашықтыққа келгенде мен чувствовать етемін. Бір-екі метр келгенде, мына жерде ат тұр. Мына атпен екі ортадағы ауа қысымы свободный болмайды. Тығыз болады да, бұл жерде бірдеңе барын мен чувствовать етемін.

Туғанынан жанарында ақауы бар жанға дәрігерлер соқыр болатынын ескерткен. Алайда, ол екі көзі суалғанша, бала-шағалы болып үлгереді. Қаладағы қайырымдылық қорлардың бірінен азды көпті ақша алған ол, ауылға барып мал бағуға бел буған. Алғашқыда сегіз ешкісінің мойнына қоңырау іліп, дыбыс пен желге құлақ түре жүріп, шопандық сырын меңгерді.    

Серік БОДАНБАЕВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қоңырауды естігенде жан тәніммен басқа нәрсе емес, тек менің көңілім қоңарауда ғой. Алдымнан сүрініп жығылмайын, мына қазір сыңғылап тұрған қоңыраудан адасып қалмайын.

Түзде мал бағып келген соң, үйдегі ермегі үзеңгі мен жүген тоқу. Серік миллионер шопандардың бірі. Қорасында ірілі-ұсақты мыңға жуық мал басы бар. Ешкімге қолын жаймай, өз күнін өзі көріп жүрген жан бүгінде немере сүйген қадірлі ата. Гүлзада апай да қаланың жайлы өмірін ауыл тірлігіне айырбастағанына өкінбейді.  

Гүлзада БОДАНБАЕВА, ЖҰБАЙЫ:  

Отты жағып тамақ пісірейін. Қаладан келген қыз едім. Осы жерге келгенімізге 19 жыл болады келесі жылы. Пешті де жақтық, нанды да пісіреміз, сиыр да сауып, майын аламыз. Отым жанды міне, ішек-қарын тазалайын. Үйдің жұмысы біте ма?

Алда «Ғажайып Қазақстан» жобасы аясында арна көрермендерін қызықты оқиғалар мен өмірге құштар өзге де жандардың тағдыры күтіп тұр.   

Г. Тасболатқызы