Әйелін ұрып-соғатын кісілер туралы айтқың келмейді. Сөз қалмады. Бірақ азаяр емес. Зәбір көрген әйелдер тұрақтайтын Шымкенттегі орталықта биыл 100 дің үстінде келіншек паналаған. Қастарында құлдыраңдап жүгірген балаларын қосқанда 200 ден астам адам...Бірі айтады: қолмен ұрса бір жерімді майып қыламын дейді де, белбеумен ұрады... «Боскеуденің белбеуі» деп тақырып қойған материалды Айзада Төребекқызы дайындады.
Қызылордалық 23 жастағы Дана Тәжібаева үш баланың анасы. 15 жасында өзінен жиырма жас үлкен бақташы жігіт еркінен тыс алып қашыпты. Содан бері малдың соңында салпақтақтаумен күн кештім деп мұң шаққан келіншектің азапты күндері аз емес көрінеді. Күйеуінің көрсеткен зорлығынан мезі болған ол бір түнде балалары мен құжатын жиып, қашып шығыпты. Қазір үш баласымен «Қамқорлық» дағдарыс орталығын паналап отыр.
Дина ТӘЖІБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Далада қалдым, екі күн далада жаттым үш баламмен, күннің суығында, аязында далада жаттым. Жандос ағайға басымнан өткенді айтып бердім, сосын осында көмектесіп жатыр қолдарынан келгенше, балама бәріне, балаларымды орналастырды мектепке, бәрі білім алып жатыр. Өзім жылы жерде жатырмын.
Осыған қарамастан Динаның отбасын сақтағысы бар. Күйеуім кешірім сұрап келсе... үш балам әкесіз өспесе... деген ой жанын жегідей жейді.
- Ұра берді. Ұра берген соң мен кетіп қалдым...
Ал бұл шымкенттік Мөлдір Алданова. Шиеттей бес баласымен ол да «Көмек» оңалту орталығын паналап отыр. 29 жастағы келіншектің бір түнде жылы ұясын тастап шығуына себеп көп көрінеді. Айтуынша отандасқан жылдары тәп - тәуір тұрмыс кешкен жас келіншектің басынан әңгір таяқ соңғы жеті жылдан бері арылмапты. Тентек суға апталап тойып жүретін күйеуінің «зәбірі әбден өтті», - дейді шыдамы таусылған Мөлдір.
Мөлдір АЛДАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мәжбүр болдым, себебі күйеуім көп ішіп кетті. Бала-шағаның киімі де болмай кетті бір жағынан. Ішсе бір апта ішіп кетеді. Әр ішкен кезде ұрады да, қолмен ұрса сындырып жіберем деп қорқады да соны біліп тұрып ременьмен әдейі ұрады ол. Қызымды ұрады, кейін баламды. Көбінесе балам екеуміз таяқ жейміз. Қызымды ұрмайтын еді, енді қызымды ұрып кетті да, содан соң мен кетіп қалдым.
Ал бет жүзін көрсетпеуімізді өтінген Айгүлдің жағдайы бұдан да мүшкіл. Денесінің сау-тамтығы жоқ. Күйеуінің төмпешінен сынбаған жері қалмапты. Инсульт те алған. Тас қамалдан қашып құтылған Айгүл жарық дүниеге шықсам, жұмысқа тұрып, көпшілікпен аралассам деген арманы орындалмайтынына қамығады. Тепкінің салдарынан бір қолы дұрыс істемейді. Жалғыз қолмен амалдап іс тігіп күнін көрмек ниеті бар. Күйдім-сүйдім деп қосылған жарының көрсеткен қорлығын еске алса әлі де жүрегім тас төбеме шығады дейді келіншек.
Айгүл:
Күні-түні соның дегеніне көндім. Артық күлмейсің, сөйлемейсің. Айтқаны заң. Барынша шыдауға тырыстым. Тіпті инсульт алдым. Дәрігерге қаралуға да мүмкіндік бермеді. Үйден аттап бастырмайтын. Үлкен ұлым ғана дүкенге барып келетін. Кішкентайымды екпе жасатуға да жіберген емес, ауырып қалсын, мейлі басқа жағдай. «Үйден шықпайсың», - дейді, болды. Айтқаны заң! Оқшаулап ұстады. Жаздың күні бүкіл жеміс- жидек піскенде бізде тек екі түйір пияз ғана болатын. Жоқтан бар жасап тамақ әзірлеймін. Кешке келеді де маған тиіседі - тамақ та істей алмайсың деп... Нағыз тозақ дерсің.
Шымкенттегі «Көмек» оңалту орталығын дәл қазір теперіш көрген 28 отбасы паналайды. Биылдыққа 100 дің үстінде әйел паналаған, олармен бірге 122 бала.
Былтыр пилотты жоба ретінде ашылған орталық биылғы мамырдан бастап тұрақты істейді. «Көмектің» көмегіне жүгінушілер қатары әлдеқайда көп, - дейді орталық басшысы.
Малика ЖҮСІПОВА, «КӨМЕК» ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Балаларды балабақшаға, мектептерге орналастырып, киім-кешек қарастырып, тамағын төрт мезгіл беріп, сөйтіп әр әйелді көшеде қол жаймайтындай болып, сол балаларын өздері асырауға мүмкіншілік жасаттырамыз. Өйткені осы тәрбиені біз бермесек осы кезден бастап, кейін олар үш айда тек қана жатуға, тамақ ішуге келетін болса, онда біз ешқандай тәрбиені бермеген боп санаймыз. Сол үшін оларға біз бірінші қармақ береміз, балық ұстау үшін.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебінің бірі - сол баяғы қу арақ екенін алға тартады. Елдегі әрбір бесінші қылмыс маскүнемдік жағдайында жасалады. Кісі өлімінің тең жартысы, отбасылық-тұрмыстық қылмыстың 60 пайызы алкогольді ішімдіктің кесірінен орын алады екен. 10 процентінде нашақорлық себеп деседі. Шаңырақтың шайқалуына тағы бір себеп – әлеуметтік жағдайдың төмендігі деген пікірді қосады психологтар.
Динара ХАЛИКОВА, ПСИХОЛОГ:
Негізі көп мәселе қаражатқа кеп тіреледі ғой. Ақша таба алмайды күйеуі, басқа әрекет жасайды. Үйіне жынданып келеді да келіншегін ұрады. Оны көтере алмайды. Тем более ол кісілердің бала-шағасы бес -алтау болса сол жағдайда болады ғой көп мәселе. Мен өзім осы кісілермен осы уақытқа дейін жұмыс істеп келе жатқан көп мәселе сол қаражатқа кеп тіреледі.
Гүлвира БЕКТЕМІСОВА, АБАЙ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Біздің қазақтың менталитеті шығар, бұл жерде көп әйел азаматшалар арыз жазудан бас тартады көбінше. Татуласып кетермін, отбасымның шырқын бұзбайын, ары қарай өмір сүреміз, бала-шағам бар деген сияқты арыз жазудан бас тартады. Арыз жазбағандықтан біз де әрекет істей алмаймыз ғой. Тек арызданушың арызымен ғана әрекет істейміз.
Қыз-келіншектерге жуан жұдырығын ала жүгіретін ерлер бір оңтүстікте деуден аулақпыз. Дегенмен қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде «Отбасымды сақтаймын, балаларымды жетім етпейін, бас жарылса бөрік ішінде..» деп жүре беретін әйелдер расында аз емес.
Шымкент қалалық полиция департаментінің дерегінше отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған құқық бұзушылықтар былтырғыдан едәуір артқан.
2017 жылы - 359 жайт болса,
2018 жылы - 538 дерек тіркелген.
Былтыр 2 - кісі өлімі, ал биыл 1 адам өлімімен аяқталыпты.
Өткен 11 айда 3340 адамға қорғау нұсқамасы шығарылған. Соның 99-ына ерекше талап қойылған.
Гүлвира БЕКТЕМІСОВА, АБАЙ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Зорлық-зомбылық отбасындағы тыйылып жатқан жоқ. Күнделікті әйел азаматшаларымыз арызданып келеді. Бұл жерде нақтырақ айтқанда біздің алғашқы көмегіміз дер кезінде шақыртуға барып, сол зәбір көрсетушіге қорғау нұсқамасын қойып, 1 айға профилактикалық есепке аламыз. Егер де жалпы бір айдың ішінде тағы да зәбір көрсетіп отбасында ұрыс-жанжал шығарып жатса, ерекше талап алып, сотқа материалды жолдаймыз.
Шымкенттегі «Көмек» орталығындағы төрт отбасының тағдыры сотта қаралып жатыр. Соның екеуінің қайта жарасатынына сенеміз, дейді мамандар. Айтпақшы, қит етсе қол көтеретін күйеуінен зәрезап болған Мөлдірдің де құдай қосқан қосағы тәубесіне келер деген үміті жоқ емес. Түбегейлі айырылысып кетуге оны «жұрт не дейді және кеткенде қайда барамын» деген ой жібермейді. Бірақ...
Мөлдір АЛДАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қайтып барсам ішеді ме деп қорқам. Ішпеймін деп уәде береді. Бірақ қайтып ішіп кетеді. Мысалы, кеше қызым барып келді. Апамды сағындым дегеннен кейін жібердім, барды, «папа ішіп алыпты»,- дейді. Енді барған кезде тағы ішіп қоя ма, тағы да ұрып қоя ма деп содан кейін баруға қорқып отырмын.
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»