Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда бекіре қырылып қалды

  • AstanaTV
  • 13 желтоқсан 2018
  • 4099

Жайық өзеніне хлор төгілген. Атыраудағы балықтардың жаппай қырылуына осы себеп. Бұл туралы «Астана» арнасына сұқбат берген «Жайық-Атырау» бекіре өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемәлиев мәлімдеді. Аймақтағы балық өсіретін қос зауытта бекіре қырылып қалған болатын. Ал бұған дейін де Жайықтағы 1 тонна қара балық су бетінде қалқып қалған еді. Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.  

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Бекіре балығының қырылып жатқан бейнетүсірілімі алдымен әлеуметтік желіде пайда болды. «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытында 117 бекіренің 25-і өліп қалған. Тағы 30 шақтысы шала жансар. Бағалы балықтар желтоқсанның 5-нен бастап қырыла бастаған. Зауыт басшысы Жайық өзеніне улы зат төгілген деп отыр. Сондықтан, өзеннен келетін су тоқтатылып, тоғандағы су тазартылған. Содан бері жағдай реттелген.

Ғилман СӘРСЕМӘЛИЕВ, «ЖАЙЫҚ-АТЫРАУ» БЕКІРЕ ӨСІРУ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Судың құрамындағы хлордан көріп тұрмыз ғой. Хлордың құрамы азайып келе жатыр күннен-күнге. Хлорид деп аталады, сольное хлора. Сброс бар,по любому Жайық бойында сброс болған. Барымызша суды сапырамыз, аэрозация жасап жатырмыз. Мұзды оямыз. Мұз ойғасын жерде хлор ұшатын нәрсе, газ ғой. Егер, Жайық беті мұз болмаса, ол болмас еді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сай, «Луговой ат зауыты» мекемесінде де 100-ге жуық бекіре тұқымдас балық өлген, екі мыңға жуық балықтың жағдайы нашар. Өткен аптада «Жайықтағы» 1 тоннадан аса қара балық қырылып қалған еді. Аймақта ведомствоаралық комиссия құрылып, олар күн сайын жиын өткізіп жатыр. Жайық өзеніне су төгетін мекемелерге де жоспардан тыс тексеру басталған. Дегенмен, жануарлар дүниесіне жауапты мекеме басшысы балық қырғыны тоқтағанын мәлімдеді.   

Арман МОЛДАШЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі уақытта балықтардың өлуі тіркеліп отырған жоқ. Яғни, қазіргі уақытта бір қалыпты. Жағдай қалпы дұрысталды. Қазіргі уақытта балықтардың ешқандай жоқ екенін айтамыз және бұл бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Су маржандары ғана емес, Жайық өзенінің суын аймақ халқы да ауыз су ретінде тұтынады. Ал, өзенге зиянды қалдық төккен қай мекеме? Ол адам қаншалықты зиянды? Бұл мәселені жауапты органдар анықтамақ.

  Б. Нәдірқызы