Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда екі бірдей ықшам аудан жарыққа жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2018
  • 3441

Алматыда екі бірдей ықшам ауданның тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Алғабас және Теректі шағын аудандарындағы елдің бұл мәселені шеше алмай жүргеніне 5 жылдан асқан. Барар жері қалмаған қарашаның жанайқайын тыңдаған әріптесім Олжас Нұржақыптың репортажы.  

Әмина Мейірманның Алғабас ықшам ауданына көшіп келгеніне 5 жыл болған. Содан бері электр жарығының проблемасынан көз ашпағанын айтты. Кеш қарайса болды қуат көзі де сығырайып қалатынына налиды. Ал, ауа-райы сәл бұзылса, мүлде сөніп қалатын көрінеді.   

Әмина МЕЙІРМАН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жай жел тұрса болды, жаңбыр жауса болды, бірден свет өшеді де қалады. Ал, енді барлық үйде газ бізде. Газдың бәрі светпен жұмыс істеп тұр. Свет болмаса бітті газдың бәрі өшеді де қалады, үйдің бәрі суиды. Керекті жерлерге барып шағымдандық. Бірақ, шағымданған кезде акимат айтады ана жаққа барыңыздар, ана жақ айтады акиматқа барыңыздар деп.

Мына көшенің бойында 20 шақты тұрғын үй бар. Оларға келіп тұрған электр желілері байланған бағаналар тым ескі, тіпті кейбір сымдар ағашқа байланыпты.   

Бексағат БАЯТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Столбаларды өздеріңіз көрдіңіздер, рейкаға рейканы жалғап, әрбір үйге тартып қойған. Өткенде бір-екі бағанамыз сынып еді, оны біз апат қызметін шақырғанның өзінде осы жердегі тұрғындармен ақшасын жинап төлеп қойғызды.

Электр проблемасы жалғыз Алғабаста ғана емес, іргелес жатқан Теректі шағын ауданы тұрғындарының да бас ауруы. Екі ауданда 20 мыңға жуық халық бар. Жарық тұтынып отырған халық «Алматы энергия өткізу» компаниясына ай сайын тарифпен ақы төлейді. Аталған компания тұрғындармен өзара келісім-шарт барын жазбаша растады. Бірақ, оның сапасы мен қызметіне жауапты емеспіз деп отыр. Ал, Алатау ауданы әкімдігі екі ықшам ауданның жарықты 4 тансформатордан алып отырғанын айтты. Аудан халқы үлкейген сайын оның қуаты барлық үйге жетпей жатса керек.     

Ертіс БЕСІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ АЛАТАУ АУДАНЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Ұжымдық қосылу арқылы электр жарығын пайдаланып отыр. Себебі, кезінде тұрғындар өз күштерімен жүргізген ғой, тартқан. Ал, есептегіш құрылғысы жеке-жеке үйде емес, трансформаторлық қондырғы дейміз ғой, сол жерде орналасқан. Қазіргі таңда жобалау сметалық құжаттамаларын дайындау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Аталған ықшам аудандар 2014 жылы қалаға реми қосылыпты. Тек былтыр ғана сот трансформаторларды иесіз деп таныған. Осыдан кейін ғана жергілікті билік жаңа электр желілерін тарту құжаттарын әзірлеуге кіріскен. Аудан атқамінерлері Алғабас пен Теректі ауданы тұрғындарының мәселе келер жылдың соңына дейін шешіледі деп уәде етті.   

О. Нұржақып