Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетімін жылатпаған ел. Шұбарсу ауылы тұрмысы төмен екі отбасыға үй салып берді

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2018
  • 7137

Халық тығыз орналасқан Түркістан облысында тұрмысы нашар отбасылар көп екені түсінікті. Жақында Ордабасы ауданына қарайтын 24 мыңдай адам өмір сүретін Шұбарсу ауылының тұрғындары асарлатып, тұрмысы төмен екі отбасына үй салып бергенін естідік. Бастаманы ауыл адамдарының өздері көтерген. Ауылдағы дүкендерге садақа жәшігін қойып, ақша жинаған - бес айда 710 мың теңге түскен. Саудагер де, мұғалім де, кәсіпкер де, жұмысшы да, бәрі-бәрі жинаған. Дегенмен ақша жетпеген. Содан тағы садақа жинайтындарын айтып, қарыз алған. Екі отбасы үйлі болды. «Уақытша» дегенмен балалары аяқтан тұрып кеткенше ешкім қумайды. Жалғызбасты аналар Ақмарал мен Фатимамен меншікті тілшіміз Айзада Төребекқызы жүздесіп қайтты. Ақмаралдың алты, Фатиманың бес баласы бар...  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Шұбарсу ауылы тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында біткен үй осы. Жалпы аумағы 100 шаршы метр шығады. Көріп тұрғанымыздай,бұл үй екі отбасыға арналған. Жапсарлас салынған үйдің бір бөлігінде жалғыз басты ана алты баласымен тұрып жатса, екінші бөлігіне бес балалы келіншек жайғасыпты.   

Қыстың көзі қырауда құтты қоныс бұйырып, қуанғандардың бірі - Фатима Құрманбекова. Жылы ұяға жайғасқанына ең әуелі Жаратқанға шүкіршілік етеді. 31 жастағы келіншектің шиеттей баласымен пәтер жағалағанына үшінші жылға таяпты. Қиындығы көрген түстей... Шағын болса да үш бөлмелі үйі бар. Бір бөлмесінде от жағып, ас әзірлесе, кеңірек бөлмені қонақ күтуге арнапты. Балалары да сабақты осында оқиды. Осының өзі хан сарайындай.  

Фатима ҚҰРМАНБЕКОВА, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:  

«Үй бердік» дегенде қуандым... Қазір де отын-суыма дейін көмек беріп жатыр сол кісілер, көп-көп рахмет. 

Қуаныштың көз жасы бұл. Қуанбай қайтсін, әкімдікті айтпағанда ауыл мешітіндегілердің өзі жәрдем сұрай барған келіншекке алдында өзі секілді әлеуметтік жағдайы төмен, баспана мұқтаж 48 отбасының барын алға тартқан екен. Сәтін салып, балаларының несібесіне бірінші болып кіріп отыр.  

Фатима 18 жасында тұрмысқа шыққан. Он жыл отандасқан күйеуімен ақыры дәм-тұзы жараспапты. Сөзіне сүйенсек, жоқшылық бір жақтан қысса, ащы суға тойып алатын күйеуінің зәбірі де аз болмаған көрінеді.

Фатима ҚҰРМАНБЕКОВА, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:  

Ол кісі көп ішіп кетті. Бізге ешқашан көмектеспеді, қараспады. Босанғаннан бері өзім бес баланы босанып, өзім бағып-қақтым. Қойшы ауылда тұратын едік, мал бағатынбыз, он жыл. Сиыр сауатынмын, құрт-май істеп асырайтынмын. Ол кісі ішіп кетіп қалатын үйден.  

Фатима Шұбарсуға әкесін жағалап келіпті. Өзге бір туғаны жоқ. Ерте тұрмыс құрғандықтан мамандық та ала алмаған. Бар уайымы қайтсем балаларымды аш қылмаймын, қатарынан қалдырмаймын деген ой. Күнкөрістің қамымен ол қаладағы базарлардың бірінде асханада даяшы болып жан бағады.  

Фатима ҚҰРМАНБЕКОВА, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА:  

Күнделікті 2 мың теңге табамын. 500 теңге жолкіреме кетеді, барып келгеніме қалаға. Балаларым мына жерден таксиге салып жіберем 50 теңгелік таксиге, оларға 500 теңге кетеді. Нан-паным, күнделікті табысым күнде кетеді. Папаларынан көмек жоқ. Ол кісілер көмектеспейді. –Қайын жұртың? – Қайын жұртым көмектеспейді ол кісілер, «өзің асырап бақ» деп сөйтеді бір екі рет звондап көмек сұрағанмын.   

Бес баланың үшеуі мектеп жасында. Екеуі балабақшаға барады. Үлкені – Ғани, 9 жаста. Күнұзаққа анасы жұмыста болғанда бауырларына бас- көз болатын сол. Отын-суын әзірлеп, інілеріне анасы дайындап кеткен ас-ауқатты жылытып береді. Айтпақшы, Фатима балаларына жәрдемақы алмайды. Атында кезінде қайын жұртына әперген өтелмеген несиесі бар көрінеді. Қайырымды жандар табылып жатса, несиесін жауып, мемлекеттен тиесілі көмекке қол жеткізу ендігі арманы.  

Жәрдемақыдан Ақмарал Жолдасова да қағылған. Оған тұрғылықты мекен-жайының болмауы кедергі болып келіпті. Ас-суына жарап келгені балаларына асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекет төлейтін 45 мың теңге. Жалғызбасты ананың алты баласы бар. Жетіншісіне аяғы ауыр. 37 жастағы келіншек бірінші жолдасының осыдан бес жыл бұрын өмірден озғанын айтады. Екінші күйеуі ішкіш болған, кетіп қалыпты. Шиеттей баланы жеткізу үшін кісінің малын бағып, әжетхана да жуған күндері болғанын айтты.  

Ақмарал ЖОЛДАСОВА, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА: 

Бес жылда 20 квартира ауыстырдым Шұбарсуға келгелі. Жатсам тұрсам Құдайдан тілегенім осы баспана. Ең болмаса тауықхана болса да бер Құдай деп жалынып жаттым. Қашанғы қаңғып жүрем, әр жерге шоқаңдап - дедім да, Құдайдан тілегенім осы.  

Келіншек қазір балаларына жәрдемақы рәсімдеу үшін құжаттарын туралап жүр. Көп қиындық көрген ана қайырымды жандардың көптігіне қуанады. Азық-түлік қана емес, отын-суынан да қарайласып жатыр, деді. Көмірін түсіріп бергендер күні кеше ауыз суды да кіргізіп кетіпті.  

Көпке үлгі болар игілікті істі жүзеге асырған Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу елді-мекенінің қарапайым тұрғындары. Қайырымдылық іске бастамашы болғандардың бірі - Нұрлыбек Қалыбеков. Ауыл азаматтарына ой салған - былтыр кәсіпкерлер осы ауылда төрт отбасыға баспана сыйлаған екен. Неге өзімізге де солай жасамасқа?- деп ниет еткендерін айтады. Бұл ойларын ауыл әкімі мен мешіт өкілдері бірден құптай жөнеліпті. Алғашқы ақша өзара басқосуларда жинала бастаған. 

Нұрлыбек ҚАЛЫБЕКОВ, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ:  

Салып жатқан жігіттердің барлығы мықты кәсіпкер емес. Біреуі аяқ киім сатады, біреуі сатушы, біреуі етік сатады, біреуі етік тігеді, біреуі арба айдайды. Біреуі жүкші, біреуі мұғалім. Әркім өзінің бергенін берді. Біреу 20 мың берді, біреу бір қойын берді. Біреу 10 мың берді, біреу 5 мың берді, кәсіпкер азаматтар. Кейбіреулері осы үйдің шатырын көтерді. Түгелдей біз жауып береміз деді. Сосын сол жерден басталып кетті бұл. Соныменен Шұбарсу елдімекенінде дүкен көп, сол дүкендерге біз садақа жәшігін қоюды ойластырдық.  

Бес айда 710 мың жиналыпты. Сол ақшаға алдымен 12 сотық осы жерді сатып алған. Алайда үйді тұрғызудың өзіне 3 млн теңгедей қаражат кетіпті. Жетпегенін ауыл азаматтары қайта жинаған. Тіпті құрылыс материалын сататындарға қарызданып та қалғандарын жасырмайды. Бірақ оған алаңдамайды. Жиып береміз деп отыр. Айтпақшы, бұл баспаналар екі отбасының атына аударылмаған. Уақытша есепті. Ауылдастардан құрылған комиссия осылай ұйғарыпты. Тек шектелген мерзім жоқ. Жағдайы жақсарғанша тұра береді.  

Нұрлыбек ҚАЛЫБЕКОВ, ШҰБАРСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, МЕШІТ ЖАМАҒАТЫ:  

Жетімімізді жылатпағанбыз, жесірімізді қаңғыртапағанбыз ғой мұсылмандар Ин ша Алла, біз өз басымыз біздер мешітте жүргеннен кейін біз көп көреміз мұндай кісілерді. Жылап келеді, нан сұрап келеді, үй сұрап келеді. Қатты мұқтаж кісілер бар. Содан кейін көріп осы мақсатымыз сол, осыларды жылатпайықшы, қолымыздан келгенінше әйтеуір біз күш - қуатымызды Аллаһтан дұға етеміз. Келешек жастар осыны көрсе, үй болса, үлгі алса, отбасын осындай жетім-жесірлерді қаңғыртпаса, ажырасу жағынан, жетімдерді жылатпаса екен деп сондай үлгі жасап жатқан, сондай мақсатпен салғанбыз.  

24 мыңдай тұрғыны бар Шұбарсу ауылында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көп. Ауызбіршілігі жарасқан шұбарсулықтар қайырымды істі жалғастыра бермек. Қазір осы ауладан тағы бір үйдің құрылысын бастап қойған. Тек қаржыға байланысты тоқтап тұр. Шұбарсулықтар келесі жылы бәрібір бітіретіндерін айтады.  

  Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт»