Русский Сайттың толық нұсқасы

Адамдардың бәрі дерлік суретке күліп түседі. Фотография өнері

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2018
  • 6819

Кейде көп сөз керек емес. Кейбір фотосурет көп сұрақтың жауабын береді. Адамды, адамдарды, айналаны, қоршаған ортаны, тіршілікті бар бояуымен, бірақ ешқандай боямасыз ұқтыратын сиқыры бар. Уақыттың көріністерін кейде тіпті бейнетүсірілім дәл сипаттай алмайды. Таспа ең бастысын бере алмай қалып жатады. Сәт дейді ғой, соны. Қазір бәріміз фото түсіреміз. Бірақ суретке түсу үшін бірнеше секундқа жымиып тұра қаламыз. Отбасылық суреттер немесе аяулы достармен, құрметтейтін адамдармен фотокәртішкелердің мыңдап түсірілуі әрине, маңызды. Совет одағы кезінде, тіпті смартфон шыққанға дейін талай тамаша сәттер өкінішке қарай, фотокуәліксіз қалды ғой. Дегенмен кәсіби фотограф түсірген суреттің жөні бөлек. Кейбірі өнер туындысы болып бағаланады. Біздің тілшіміз Олжас Нұржақып фотоаппарат арқалағанына 20 жылдан асқан Сәрсенбек есімді фотографпен кездескен, репортажы.     

Сәрсенбектің фотоаппарат ұстағанына жиырма жылдан асыпты. Қазір фотоқоржынында іріктелген жиырма мыңнан аса сурет бар. Ал бұл өнерге бала кезінен қызыққан. 9-шы сыныбында ең бірінші техникасын ұстаған.  

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Фотоөнерге келуіме себепші болған бір газетте шыққан фотосуреттер болды. Ол суреттерде портреттер, кәдімгі ауылдың тірлігі жақсы бейнеленген. Негізі ол кезде мен сурет салуға қызығатынмын. Сосын менде ой пайда болды. Фотографиямен де өмірді жақсы бейнелеп көрсетуге болады екен ғой деп. Фотоаппараттың қолға келуі мен үшін қиын болды. Өзім оқушы кезімде қызықтым бұл салаға. Сосын әйтеуір ағаларымнан, бауырларымнан ақша жинап жүріп, фотоаппарат алып сонымен ең алғаш газеттерге суреттер, репортаждар жариялап содан бастадым.

Ең алғашқы фотоаппарат әрине, таспамен жұмыс істейтін. Сол себепті оңды-солды түсіре беруге болмайтын еді. "Ауылды жерде таспа табу, түсірген фотоңды шығару қиын болатын. Бірақ соған қарамастан фотоөнерге деген қызығушылық бір сәтке бәсеңсіген емес, аппаратты бір мезетке тастаған емеспін", дейді ол.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Пленкамен түсірген кезде бір кадр түсірсең барынша дайындалып түсіресің. Өйткені сол бір кадр әдемі шығу керек. 4-5 кадр жасауға пленка аз, ақша да шақ келмейді. Іздену жағынан көп ойланасың, көп дайындаласың. Ал цифрлы техника қазір ыңғайлы. Бір жерге барасың 100-200 кадр түсіре бересің. Ішінен іріктеп 10-20 сурет алатын жағдай болады. Бағанағы пленкамен түсіретін аппараттар адамды ізденуге, еңбектенуге көп жетелейді.

Осылайша фотоға түсірген табиғат көріністері аудандық газет беттеріне жарияланады. Дегенмен жарық пен түстерді жоғарғы оқу орнына түскесін ажыратып бастайды.

Сәрсенбек әсіресе салт-дәстүр, этнографиялық іс-шаралар көрсетілетін жиындардан қалмауға тырысады. Нәтижесінде көшпенді халық мәдениетінен ерекше фотолар жинайды. Мына суреттер тізбегі сол еңбектің бір үзігі. Арасында Франция, АҚШ, Қытай мемлекеттерінде өткен фотокөрмелерге қойылғандары бар.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Былтыр Америкада фотографтардан сурет жинады, сондай фотокөрме болады деп. Сол кезде суретші досым бар еді өзі дизайнер, содан кеңес алдым. Қандай суреттер ұсынған дұрыс деп. Ол бірден айтты: «Сәке сіз табиғат бермей-ақ қойыңыз, олар табиғатты түсіріп шегіне жеткізіп тастаған. Оларға қызық емес. Оларға қызық қазақтың салт-дәстүрі, біздегі адамдардың, ақсақалдардың, әжелердің портреті қызық болады. Сондай сурет беріңіз деді.

Тұмса табиғат, құсбегілік өнер, қазақ тұрмысы, көшпенділер дәстүрі көрініс тапқан Сәрсенбектің фотоларында сондай-ақ, портреттік бейнелерді де тамашалауға болады. Түрлі эмоция - ойға батқан, қуанған, таңғалған сәттер адамның мінезін ашып тұрғандай. Жасандылық жоқ. Ал фальш болмау үшін фототілші кейіпкерін сездірмей аңдиды.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Портрет жанрында адамдардың эмоциясын көрсету қиын. Фотографиядағы ең қиын жанр да портрет. Портретке көп фотографтар бара бермейді. Өйткені сенің түсіргенің, портретің ол адамның мінезін көрсету керек. Эмоциясын көрсету керек. Ондай суреттерді түсіру үшін көбінде жақсы бір сәттерді аңду керек. Ол қасында тұрып сен күле қал, қайғырып отыр, болмаса бірдеңені ойланып отыр деген ол солай істеуі мүмкін. Бірақ одан әдемі сурет шықпайды, бәрі өтірік сияқты болады. Таза эмоцияны беру үшін білдіртпеу керек.

Дей тұрғанымен жиырма жылдық тәжірибесі бар Сәрсенбек көбіне адамдар суретке жымиып түскенді ұнатады дейді. Бұл жалпыға тән құбылыс.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Көп адамдар күліп түскісі келеді, өтірік болса да. Жалпыға тән, ортақ мінез сол. Мен көбінесе жазушы, зиялы қауым өкілдері портретін жақсы көрем. Бұл кісілердің жақсы портретін, жақсы көңіл күйін түсіру үшін үздіксіз аңдып отыруың керек. Біреу ойланып отырады, біреу қуанып отырады. Сол сәттерді аңдып тұрасың.

Тамаша фотография шығуы үшін кейді тіпті бір күнін арнайды. Жақында Алматының ақ тұманын өз ойлағандай етіп түсіруге бірнеше күні кеткен. Ал жоспарына келсек, ішкі туризмді насихаттау үшін ерекше керемет жерлерді түсіріп, жинақ шығаруды мақсат етіп отыр.

Сәрсенбек ҚЫЗАЙБЕКҰЛЫ, КӘСІБИ ФОТОГРАФ:

Біздің ішкі туризмді насихаттайтын бірден бір құрал – ол фотография. Мысалы, Жетісудағы ең керемет жерлер бар, бізде басқа да киелі орындар бар. Солардың бәрін түсіріп үлкен бір альбом қылып, кітап етіп шығарсам деген мақсатым бар.

Бұған дейін бірнеше газетте фототілші болып жұмыс істеген фотограф, бүгінде еркін шығармашылық айдынында. Қазақ фотоөнерінің дамуына үлес қосып жүргеніне мақтанады. Сәрсенбек отбасылық альбомды дайындалып түскен суреттермен ғана емес, тіршіліктің түрлі иірімдерінің арасында, сондай-ақ, тосыннан түсірілген кәртішкелермен жинақтауға кеңес береді.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт»