Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжардағы сүт зауыты ауыл тұрғындарына 21 миллион теңге қарыз

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2018
  • 2510

Петропавлағы сүт зауыты ауыл тұрғындарына 21 миллион теңге берешек. Бұл туралы компания өкілдерінің өздері айтты. Жағдайдың ушығуына сүт өнімдеріне сұраныстың төмендеуі түрткі болған. Тауар өтпей жатыр. Былтыр осы уақытта өз өнімдерін 1 млрд 102 миллион теңгеге саудаласа, биыл небәрі 753 миллион теңгеге сатқан. Содан 8 ауыл алдында зауыт қарызы қордаланып қалған. Оны бірте-бірте қайтаруға ниетті.  

Наталья ФЕДОТОВА, «СҮТ ОДАҒЫ» ЖШС ТЕХНОЛОГІ: 

Биыл біз халықтан сүттің 764 тоннасын сатып алдық. Жалпы құны 66 миллион теңгені құрайды. Оның 45 миллионын қайтардық. Яғни, қыркүйек-қазан айларына тиесілі берешегімізді өтедік. Енді тамызда алынған сүттің ақысын қайтарып жатырмыз. Тауарды өткізе алмай жатырмыз. Бірақ, табылған қаражаттың барлығы қарызды өтеуге бағытталуда.

Еске салайық, өткенде Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекен тұрғындары сүт ақысын өндіре алмай жатқандарын айтқан едік. Жұртшылық жаз бойы сауып, тапсырған ақтың ақшасын әлі күнге дейін ала алмай отырғандарына наразылық білдірген еді.  

А. Құрманкин