Русский Сайттың толық нұсқасы

«Параны алма, берме!» принципі әрбір қазақстандықтың санасынан орын алу керек - Қайрат Қожамжаров

  • AstanaTV
  • 08 ақпан 2017
  • 3410

«Түйені түгімен жұтатындардың» ешбір қорықпай қимылдауына кейбір заңдардың солқылдақтығы себеп. Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров осылай деп мәлімдеді. Өткен жылдың қарашасынан бері қаржылық дауға ілігіп, істі болып жатқан алпауыт "Бәйтеректің" ісін бұған мысал ретінде келтірді.

Қайрат Қожамжаров,  ҚР мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігінің  төрағасы:

Ұлттық қордың қаржысын ұзақ уақыт жымқырып келген қылмыстық топты әшкерелеген соң, мен бұл жерде «Бәйтерек» туралы айтып тұрмын, ешбір қиындықсыз ақша ұрлауға қажет жағдайдың барлығы жасалғанын анықтадық. Квазимемлекеттік секторға "Мемлекеттік сатып алулар туралы" Заңның күші жүрмейтін секілді. Аталған сектордағы корпоративті кодекс шешімді бір ғана адамның қабылдауына мүмкіндік береді. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек.

Қожамжаров тұрғындарды парақорлық әрекет туралы дер кезінде хабар беруге шақырды. "Бұл туралы үйде, жұмыста, достарымызбен әңгімелескенде барлығымыз айтып отырамыз. Елді парақорлық жайлады дейміз, бірақ осы дертті жою үшін мен не істедім деп, іштей ойланамыз ба, мәселе сонда, -  деді.

Аса танымал тұлғаларға қатысты қозғалған қылмыстық істер де әңгіме арқауына айналды. Бастапқыда адамдар түсінбей қалады, олардың көпшілігі "ел білетін азамат, қалайша мұндай дауға ілігеді" деп алаңдаушылық білдіреді. Бұл заңды, сондықтан процестің ашық та айқын жүргізілгені аса маңызды дейді жемқорлықпен күресушілер.

Қайрат Қожамжаров,  ҚР мемлекеттік қызмет істері және СЖҚІҚ агенттігінің  төрағасы:


Жаманқұловты алайық, Халық әртісі, елдің сүйіктісі, барлығымыз ол кісі ойнаған фильмдерді көріп өстік, осындай адам айыпталушы рөлінде болады деп кім ойлаған?! Ал Бигелді Ғабдуллинге қатысты процесс басталған тұста маған көптеген журналистер хабарласты. Дәлелдерді ұсынуымызды өтінді. Сот ашық өтті, яғни оның кінәсін мойындағанын барлығы көрді. 

Параны алма, берме! Осындай принцип әрбір қазақстандықтың санасына сіңуі қажет, - дейді Қайрат Қожамжаров. "Бұрын бізді, тек шабақтарды ғана аулайсыңдар деп, кінәлайтын. Ал соңғы жылдары қармаққа жайындардың ілінуі бұл түсінікті өзгертті" деді төраға.

Шенеуніктердің жемқорлық жасап қызметінен босау фактісі бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай мен Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Бұл әсіресе, қаржы, әділет және ауыл шаруашылығы министрліктерінің аймақтық өкілдіктеріне қатысты. Өткен жылы Қазақстанда 2000-нан аса шенеунік парамен ұсталса, оның 18-і  республикалық, 59-ы облыстық, 134-і қала мен аудан деңгейіндегі қызметкер. "Мәселемді шеше гөр" деп шендіге ақша тықпалау да тиылар емес.

Сарапшылар зерттеуіне сай, сұралғандардың 47 пайызы жол полицейлеріне пара бергенін айтқан.  33-і әлеуметтік қызметкерлерге, 31-і соттарға, 23-і білім саласының, ал 20 адам денсаулық сақтау қызметкерлеріне пара бергенін жайып салған.