Русский Сайттың толық нұсқасы

Балалар үйінің 6 тәрбиеленушісі өз шаңырағын тапты

  • AstanaTV
  • 19 желтоқсан 2018
  • 4788

Алматы облысында балалар үйі жабылып жатыр. Оған тұрғындардың жетімдер үйінен бала асырап алуы да әсер етсе керек. Жамбыл ауданында екі бірдей отбасы 6 баланы өз қамқорлығына алған. Әріптесім Олжас Нұржақып сауапқа кенелген шаңырақтарда болып, балалармен тілдесіп қайтты.  

Ләйла Қонақбаева-8 баланың анасы. Екі ұлы мен екі қызы ержетіп, бойжеткен. Содан қамқор ана балалар үйіне барып, тағы 4 бала асырап алыпты. Үш ай ішінде оларға қатты бауыр басып қалған.  

Ләйла ҚОНАҚБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бұл бала өте тұйық бала, адам жатырқайды деген осы 4 жарым жастағы қызым. Мен кіре салғанда «сенің мамаң» келді деген кезде құшақтаған күйі екеуіміз құшақтасып бір сағат отырдық. Сен мені «мама» дейсің или сен мені «тәте» дейсіңдер деп мен шынын айтсам айтқан жоқпын. Қалай мені көрді, өздері солай «анашым» деп кетті.

Бөбектердің ұлты әртүрлі десек те, бүгінде бір атаның баласындай тату-тәтті өмір кешуде. Бір-біріне бауырмал. Аналарына қолқанат.  

Аяжан АЙТБАЙ: 

Сабақ оқуға көмектеседі. Демалыс күндері әжеме барамыз. Ол жақта бізге сүт береді. Бос уақытта кей кезде оқимыз сабақ. Анамызды жақсы көреміз. Ол бізге барлығын сатып алып береді. Біздің анамыз алтын.

Ұзынағаш ауылының тұрғыны Қайрат Жұмайұлы да туған балалары үйлі-баранды болып кеткен соң кішкентай екі ұлды бауырына басады. Қазір Алексей мен Ислам үздік оқушы.  

Қайрат ЖҰМАЙҰЛЫ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жас бала ғой бұл. Ондағы балаға әкесінен айырылу, одан кейін шешесінен айырылу оңай емес. Бәрі көз алдында болған. Қайтыс болған шешесі. Сол қазір бізге үйренді. Бірден папа-мама деп айт деген жоқпыз. Өзі бізді үшінші күні-ақ айтып кетті. Қазір бір ай болды. Бауыр бастық.

Жамбыл аудандық білім бөлімі дерегінше, шаңырағын «Отбасылық үлгідегі» балалар үйіне айналдырған 4 жанұя бар. Олар жалпы саны 20-ға жуық бүлдіршінге отбасының жылуын сыйлап отыр.  

Серғазы ҚОНАҚБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Бізде 169 бала бар. Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Олардың бүгінде 140-тан астамы қамқорлыққа орналастырылса, 20-дан астамы осындай «Отбасылық үлгідегі» балалар тәрбиесіне орналастырылған.

Осындай кеңпейіл жандардыңарқасында 2015-ші жылы Жамбыл аудандағы «Балалар үйі» жабылды. Дегенмен, облыста әлі 2 балалар үйі мен 2 сәбилер үйі жұмыс істеп тұр.  

О. Нұржақып