Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақ мылтықтай мерген!» Қалтай Мұхамеджановтың тоқсан жылдығы!

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2018
  • 7774

Драматург, сатирик, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қалтай Мұхамеджанов 24 желтоқсанда тоқсанға толушы еді.«Ақ мылтықтай мергендік, уытты сатира, қышқыл ирония, жаныңды сипайтын әзіл-оспақты Қалекеңдей тауып айтатын адам аз!» - біздің тілшіміз Ришат Асқарбекұлы сөзге тартқан қаламгер інілері сөйдеді. Сонымен біргеқызы Жәмила да біраз дүние айтып берді.  

Замандастарының арасында «Қал-ағаңның қалжыңдары» деген сөз тіркесі қалыптасқан. Жазбалары жайлы сөз басқа, айтқыштығын айтсаңызшы дейтін үзеңгілестері мен інілерінің қай-қайсысы да бүгінде естелік айтудан жалыққан емес.  

Абзал БӨКЕН, АҚЫН: 

Ақындар да үй ішінде дайындалып алып айтысады. Жазушылар да өзгелер де бұрыннан жинап жүрген ішкі рухани қорынан алып шығады. Қалекең осылай сөйлесіп отырғанда аяқ астынан қисынын тауып айтатын жауабы көп. Ақ мылтықтай мергендік, тапқырлық, уытты сатира, қышқыл ирония, жаныңды сипайтын әзіл-оспақты Қалекеңдей тауып айтатын адам аз.

Белгілі ақын, әрі журналист Аманхан Әлім Қалтай Мұхамеджановпен «Түркістан» газетінде бірге жұмыс істеген. Кейінгі жылдары қасында көп жүрген. Оның айтуынша, Қалтай сияқты абыздар уақытпен бірге жасай береді. 

Аманхан ӘЛІМ, АҚЫН, «АҚИҚАТ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:  

Қажытай Ілиясов деген ағамыз жиналыста сөз сөйлеп тұрды да: «Осы шалдардан-ақ күйдік. «Жалын» журналы жастардікі, бірақ кілең шалдарды жариялайды» - деп сөйледі. Сонда Қал-аға жазушылар одағының үшінші хатшысы еді. Жиналыстың ортасына келгенде: "Қажытайжан, шалдардан құтылу үшін оларды бесікте жатқанда өлтіріп тасау керек еді. Сол кезде шал болмайды»,- деді. Зал ду күлді. Бірақ мұнда қалжың емес, үлкен астар жатыр. Дүние кезектігі.

Қалтай Мұхамеджанов Мәскеудің мемлекеттік театр өнері институтын бітірген тұңғыш профессионал қазақ драматургы. Әлемдік театр өнерінің тарихы мен теориясының білгірі еді. Әдебиетке күлкімен енсе, драматургияға да комедиямен келген. Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Қалтай Мұхамеджанов пьесалары қазақ сахналарын бірден жаулап алды. «Бөлтірік бөрік астында», «Кұдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Өзіме де сол керек» атты туындылары замана шындығын ащы сатирамен өрнектеп еді. Оның шығармалары тоғышарларды, алаяқ-алдамшыларды сынады. Шымшыма комедиялары қазақ драма өнерінің шоқтығын көтерді. Бірақ бүгін сахнада неге жоқ?!   

Аманхан ӘЛІМ, АҚЫН, «АҚИҚАТ» ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

Бұл енді таланттардың пешенесіне жазылған тағдыр, қазір бәрін заманнан көре беруге болмайды. Заман емес, адамдар кінәлі. Егер классиктерімізді елеп-ескермесек, айтпасақ. Жадымыз қысқа, кеше көзі тірісінде бағаладық. Өмірден өткен соң бағаламаймыз. Есіл дертіміз сол, біреуді мақтасақ соның қыр соңына түсіп алып мақтаймыз. Аталмай жүрген тұлға қаншама, соның бірі - Қал-ағаң.

Абзал БӨКЕН, АҚЫН: 

Біздің қазақ бүкіл білімді тауысқан, қара суды теріс ағызған білімдар адамдарды ғұлама деп атайды. Кешегі Әуезов секілді адамдар ғұлама болған. Энциклопедиялық білімі барлар. Біздің тұсымыздағы ғұлама, асылдардың сынығы, тұлпарлардың тұяғындай болған Қалтай ағамыз еді.

Кеңес әдебиетінде сілкініс тудырған Шыңғыс Айтматовпен достығы, шығармашылық байланысы туралы естелік жетерлік. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің эссесінде екеуінің «Көктөбедегі кездесу» шығармасын жазудағы машақаты туралы былай суреттеледі.    

«Прозада айдарынан жел ескен Айтматовтың драматургиядан дәмесі зор да, дәрмені шамалы болатын. Міне, осы тұста шоң қырғыз қолқаны Қалтай Мұхамеджановқа салады. Ұсынысты қабыл алған Қалтай "жобасы бар да жотасы жоқ" пьесаны жазуға отырады. Әуелден "түйе толғақпен" жүретін Қалекең ешуақытта үш айда пьеса жазып көрмепті. Бірақ Бішкектегі Шыңғыс, Алматыдағы Әбдіжәміл досының қайрауымен қайта-қайта жазу үстеліне отырады. Қанша тырысса да "Көктөбенің" көк мұнарасын ұстап тұратын жонарқа табылмайды. Сөйтіп әрі-сәрі күйде жүргенде оның үйіне Шыңғыстың қайын апасы, соғыс кезінде интернатта тәрбиеші болған Айша апай келеді. Міне, осы Айша апайдың образы "Көктөбеге" осы есімдес кейіпкер болып енгеннен кейін пьеса жонданып шыға келеді.Бәрі орын-орнына түсіп, қиюласа кеткен оқиғаны Қалекең тез арада хатқа түсіріп, әлем сахнасын шарлап кеткен шиыршық атқан шығарманың соңғы нүктесін қояды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед. «Абыз» эссесінен 

Жәмила МҰХАМЕДЖАНОВА, Қ. МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ҚЫЗЫ:

Шыңғыс аға Алматыға келгенде, біздің үйге келетін. Мәскеуге жиынға кетіп бара жатса да, әкеме соқпай кетпеуші еді. Оларға Әбдіжәміл Нұрпейісов қосылатын. Үшеуі сапарға бірге аттанушы еді. Олар ұшаққа мінбейтін. Әдейі пойызға билет алатын. Үш жарым тәулік бойы әңгіме айтып бару үшін істейді екен ғой. Әдебиет, шығармашылық, елдің жағдайы туралы пікірлеседі.  

Шәмшидин ПӘТТЕЕВ, «ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Айтматов екеуі өте дос болды. Екеуі де 28-ші жылғы, декабрь айында дүниеге келген. Екеуінің де әкелері халық жауы болған. Екеуі Көктөбедегі кездесуді бірігіп жазып, Америкаға дейін апарып қойды. Шығармашылық қана емес, өмірде дос болды.

Қалтай Мұхаметжановтың артында қалған ұрпақтарының ішінде Жәмила әйгілі ГИТИС-те оқыған. Әкесі тәрізді шығармашылық жолына түскісі келгенімен, өмір соқпағы оны мүлдем басқа салаға бұрыпты. Екі ұлдың үлкені мұнайшы, кішісі ішкі істер саласының офицері. Қызының айтуынша, қаламгердің биылғы мерейтойына байланысты мерекелік шаралардың кестесі әлі бекітілмепті.       

Жәмила МҰХАМЕДЖАНОВА, Қ. МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ҚЫЗЫ:

Мен Мәдениет және спорт министрлігіне хабарласып, әкемнің 90 жылдығын өткізу туралы ақылдаспақ болдым. Олар тиісті шаралардың жоспарын жібереміз деген. Енді телефондарын көтермейді. Биыл Қызылорда мен Түркістан облыстарында халықаралық конференциялар өтті... Қырымбек Көшербаев, Әлихан Бәйменов және Мұхтар Құл-Мұхаммедпен әкем ерекше сыйластықта болды.

Біздің уақытта нар тұлғаларды, шын таланттарды бағаламағанмен, Қалтай сияқты білімі телегей теңіз, қай салаға салсаң да, ала жөнелетін тұлпар сықылды таланттардың ұрпақ жадынан бәрібір өшпейтініне сенеміз.    

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»