Русский Сайттың толық нұсқасы

ТҚЖБ қызметкерлері жаңа жылдық корпоративті мұз айдынында өткізді

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2018
  • 2473

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» елде қаржы инситуттарының арасында алғаш болып дәстүрлі жаңа жылдық корпоративті қымбат мейрамханада өткізуден бас тартты. Банк ұжымы оның орнына «Медеу» мұз айдынындағы белсенді демалысты таңдады. Осылайша, банктің 600 қызметкері қоғамда қаражатты орынсыз рәсуә етпей, тиімді мақсатқа жұмсауға үндейтін әлеуметтік бастамаға түрткі болды. Таза ауада коньки теуіп, спортты насихаттауға әрі тамаша демалысты ұйымдастыруға болатынына біздің тілшілер куә болып қайтты.  

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» тың үрдіс бастады. Биыл жаңа жылдық мерекені «Медеу» мұз айдынында қарсы алуға шешім қабылданған. Банктің 600-ге жуық қызметкері бүгін Алатаудың бөктерін бетке алды. Әйгілі мұз айдынына олардың отбасы мүшелеріне де келіп, күні бойы сырғанақ тебуге мүмкіндік беріліпті. «Дәстүрлі қалыптан шығып, саф ауамен тыныстауды қызметкерлер бірден қолдадық»-дейді.  

Сергей ПОНОМАРЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Біз халықтың бұл шараға ағылып келіп жатқанын байқап тұрмыз. «Медеудің» ауасы, көңіл күй де ерекше. Ең бастысы қаржы үнемделеді. Келесі жылы «Шымбұлақта» өткізуге болады. Ірі компаниялар, квазимемлекеттік мекемелер үлгі алатындай бастама деп ойлаймын.

Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова балалардың алаңсыз келешегін қамтамасыз ету үшін кең үйлер мен пәтерлердің иесі атануға мол мүмкіндік бар деген пікірде. Бірақ, қоғамда белең алған бір мезеттік тұтынушылық идеологиясынан гөрі ұзақмерзімді жинақ мәдениетін қалыптастыру қажет. «Осыған өзіміз үлгі болып, артық шығынсыз-ақ мерекені атап өтуге болатынын дәледемекпіз»-дейді ұжым басшылығы.  

Жанар ЖҰБАНИЯЗОВА, «ҚАЗАҚСТАН ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Біздің ойымызша, үй, баспана алу үшін тек той-думанға ғана шашылмау керек. Сондықтан, осындай корпоративтерді де дене шынықтыру түрінде өткізуге болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл тек біздің банктің жұмысшыларын ғана біріктірмейді, банктің қаншама салымшылары мұз айдынында сырғанақ теуіп жүр. Бұл болашақ салымшыларымызды да біріктіреді. Сондықтан, біз корпоративті осылай халыққа жақын түрде өткізейік деп шештік.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» биыл 350 мың салымшы жаңадан тіркелген. Сондай-ақ, 37 мыңға жуық отбасы осы банктің көмегімен биыл баспаналы болып отыр. Осындай жетістіктерге жетуде қаржы инситуты қызметкерлерінің үлесі маңызды. Жылды қорытындылауға жиналған қауымның алдында банктің ең үздік мамандары да елеусіз қалмады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» мерекелік жиынына «Медеуге» коньки тебуге келген Алматы тұрғындары мен қонақтары да қатысты. Меймандар үшін мұз айдынында «Medeo band» тобы өнер көрсетті.  

Р. Асқарбекұлы