Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтау әкімдігі қаланы жарықтандыру үшін тендр ұтып алған шетелдік инвесторға қаражат төлемеген

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2018
  • 3765

Ақтауда мемлекеттік сатып алуға қатысып, қаланы жарықтандыруға тапсырыс алған инвесторлар әкімдіктен ақшасын ала алмай отыр. Шенеуніктер қытайлық шам шығаратын ірі компанияға жүздеген миллионға тапсырып беріп, кейін одан бас тартқан. Тараптар бір-бірін сотқа берген. Маңғыстау облыстық Мамандандырылған экономикалық соты әкімдіктегілердің әрекетін заңсыз деп шешім де шығарды. «Алайда, атқамінерлер шығынды өтеуге асығар емес»-дейді шетелдік инвестор адвокаты.   

Владимир КОСТЫРЕВ, АДВОКАТ:  

Судья Ақтау қаласы әкімдігінің инвестормен арадағы мемлекеттік сатып алу туралы келісімді бұзуға қатысты арызын заңсыз деп тапты. Бірақ, шенеуніктер әлі тауардың ақшасын төлемеді. Әкімдіктегілер Қытайға барып, зауытты өз көздерімен көрді. Содан кейін екі жақ меморандумға қол қойды. Ал, тауар Ақтауға жеткен кезде тапсырыстан бас тартты. Президенттің өзі сырттан инвестор тартыңдар деп жатқанда, шенеуніктердің бұл қылығын түсінбей отырмыз.

Мәселе мынада, Қытайлық компания Ақтаудағы 14-ші ықшам ауданға энергия үнемдейтін 81 шам орнатқан. Шенеуніктер жаңа шамдар арқылы электр энергиясын 92 пайызға үнемдеуге болатынына көз жеткізген соң, бүкіл Ақтау көшелеріндегі жарықты ауыстыруға кіріседі. Мұны облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі мақұлдаған көрінеді. Жаңа шамдардың видео бақылау, радар, wi-fi, көлік пен ұялы телефонды зарядтау сынды 14 түрлі қосымша қызметі бар. Шетелдік инвесторлар шаһарға 7 мың 239 шам орнатуы тиіс еді. Компания Ақтауға алдымен 2 мың шам жеткізген. Жүк қазір қалада тұр. Шетелдік компания өкілдері 500 миллионға жуық теңгеге шығынға батқандарын айтады. Себебі, тапсырыс берген әкімдік бір тиын да төлемепті. Керісінше, қытайлық инвесторларды сотқа берген. Мұның себебін білу үшін әкімдікке хабарласқан едік. Шенділер бұл мәселенің анық-қанығын ертең айтамыз деп отыр.  

А. Бектас