Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында тіс емдету кезінде қаза тапқан баланың ата-анасы дәрігерді соттауды сұрайды

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2018
  • 2768

Қарағанды облысында екі бірдей баланың өліміне күдікті анестезиолог-дәрігерге қатысты тағы да шу шықты. Бұл жолы бостандықта жүрген ақ халатты емдеуге рұқсат беретін құжатын қайтарып алған. Мұны естіген зардап шегуші тарап оны жазаға тартуды талап етіп отыр. Олар айыпты бостандықта жүр, ал іс созбаққа салынды деп отыр. Ал, дәрігерге лицензияны кім қайтарды? Айжан Қуаш сабақтайды.   

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Анестезиолог-дәрігердің басы тағы да дауға қалды. Екі бірдей бала өлімінен соң ақ халатты арнайы лицензиясынан бас тартқан.

Қаза тапқан 13 жасар бүлдіршін Жансая Омарованың қорғаушысы Төлеубай Мусин бізге полицияның екі қылмыстық істі біріктірмей отырғанын телефон арқылы хабарлады. Құқық қорғаушының айтуынша, екі оқиға бойынша да ҚК-тің 317-інші, яғни, «медицина немесе фармацевтика жұмыскерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» бабымен қылмыстық істер қозғалған. «Ал, оқиғаларды жеке қарастыру айыптының жазасын жеңілдетуі мүмкін»-дейді.   

Төлеубай МУСИН, ҚОРҒАУШЫ: 

Айыпкер Наумованың ісі қазіргі таңда қозғалыссыз жатыр. Тоқтатып тастаған. Тергеу жүріп жатқан жоқ. Жансая Омарованың ісі тоқтатылып тұр. Бұл істі қарап жатқанымызға алдыңғы көктемде 3 жыл болады. Істемеген экспертизасы жоқ, артық салған неше түрлі препарттарды. Салуға болмайтын препараттарды салған. «Кетамин» деген неше түрлі дәрілерді. Осы істі бірге қосып, сотқа жібер десем бұлар тіресіп көнбей отыр.

Медициналық инспекторлар тергеу орындарына тиісті қорытындылар жасауға көмектескен. Онда 2 жасқа толмай қаза тапқан Семен Арзамасцевке сапасыз стоматологиялық және анестезиологиялық көмек көрсетілгенін дәледеген. Десе де бұл жолы дәрігерге лицензиясын қайтаруға мәжбүр болған.  

Ольга СМИРНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЫ: 

Маманға сертификат беру электронды түрде жүзеге асады. «Е лиценз» бағдарламасы арқылы электрондық арыз беріледі. Өтініш берушімен тікелей қарым- қатынас жоқ. Маманның дипломы бар. Тергеу орындарынан еш тыйым жоқ болғандықтан мемлекеттік мекеме сертификат беруге мәжбүр деген сөз.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ: 

Мамандар полиция анестезиолог-дәрігердің емдеу ісіне шектеу жасамағанын айтты. Бұған қатысты қатысты аймақтық полиция департаментіне сауал жолдадық. Ал, дәрігердің ары қарай бала емдеуіне сот үкімі ғана тосқауыл бола алады.

А. Қуаш