Русский Сайттың толық нұсқасы

Осы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 37 мыңға жуық азамат қоныс тойын тойлады-ТҚЖБ

  • AstanaTV
  • 25 желтоқсан 2018
  • 2678

Осы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 37 мыңға жуық азамат қоныс тойын тойлады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Яғни, баспаналы болғандар саны жыл санап артып келеді, дейді аталған қаржы институтының өкілдері. Бүгін Алматыда банк басшылығының жылды қорытындылаған баспасөз конференциясы өтті. Әріптесім Олжас Нұржақып қаржы ұйымының биылғы жеткен жетістіктері мен жаңалықтарын, келер жылға қойылған негізгі міндеттерін тыңдап қайтты.  

Бүгінде 1 миллион 200 мыңнан астам адамның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» депозиті бар. Қазақстандықтардың 63 пайызы ипотеканы осы банк арқылы рәсімдеген. Биылдың өзінде 370 мың салым ашылып, 37 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлаған. Үйлі болғандар тізімде Астана мен Алматы көш бастап тұр.   

Жанар ЖҰБАНИЯЗОВА, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Санап келгенде күніне 100 жанұя баспаналы болыпты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы. Бүгінгі таңда 37 мыңға жуық баспана 2018 жылдың көлемінде жанұяларға тапсырылды. Осы жылы несиенің орташа соммасы 10 млн теңге шамасында. Жалпы алғанда 2018 жылы ТҚЖБ ипотекалық нарықта біздің үлесіміз 63 пайызды құрайды екен.

Банк бүгінге дейін 170 мың қазақстандықтың үй жағдайын жақсартыпты. Ал, қазір қолында несиесі бар 13 мың клиенттің айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды екен. Қаржы ұйымы бұл көрсеткішті баспана алу талаптарының кез-келген азаматқа ыңғайлылығымен түсіндірді.   

Мәселен, «Тұрғын үй жинақ банкінде» есеп шот ашып 3 жыл үзбей қаражат жинасаңыз, 5 пайызбен несие рәсемдей аласыз. 4 жылдық салым 4,8 пайызбен, 7 жыл жиналған қаржы - 4 пайызбен беріледі. Ал, тиянақты қараған депозитіңізге кемі 3 жылдан асса, тіпті төлем қабілетіңізді растау тәртібіне жеңілдіктер де қарастырылған.  

Жанар ЖҰБАНИЯЗОВА, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Несие алған кезде біз оған енді төлеу қабілеттілігіңді дәлелде, мынадай анықтама алып кел, пенсионный фондтан мынадай анықтама алып кел, қай жерде жұмыс істедің осы 3 жыл барысында. Солардан барлық жерден анықтама алып кел деген ешқандай талап қоймаймыз. Себебі, ол өзінің төлем қабылеттілігін үш жыл барысында айма-ай жинаумен дәлелдеді.

Сондай-ақ, осы жылы қаржы ұйымы әскери және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін бөлек бағдарламаны іске қосқан. Нәтижесінде 70 мыңдай салым ашылып, 2 мыңға жуық маман үйлі болды. Одан бөлек кәмелет жасына толмаған балаларға арнап ашылатын депозиттер де бар. Банк басшылығы әрбір ашылған салымның 8-шісі жас жеткіншектерге тиесілі дейді.  

О. Нұржақып