Русский Сайттың толық нұсқасы

Елде төртінші мұнай өңдеу зауыты салынбайтын болды

  • AstanaTV
  • 26 желтоқсан 2018
  • 2688

Төртінші мұнай өңдеу зауыты салынбайды. Құрылысы жырға айналған зауыттың әзірге қажеті болмай шықты. Бүгін Энергетика министрі Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді. Себебі, «ҚазМұнайГаз» қалған үш зауытта күрделі жөндеу жұмыстарына екі әлемдік деңгейдегі компанияны тартып, соның арқасында жанар-жағармай қоры 2026-2027 жылдарға дейін жетеді деп есеп берген. Дегенмен, Ішкі нарықта негізгі мұнай өнімдерін тұтыну 10,5 миллион тоннаға жете қалған жағдайда, мәселе қайта қаралуы мүмкін.  

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:  

Ал, егер біз коммуналдық көліктер мен басқа да көлік түрлерін газға ауыстыратын болсақ, бұл бізге дизельдік отынды 400-ден 500 мың тоннаға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз шамамен 2030 жылға дейін ішкі нарық үшін жаңа қуаттылықтың қажеті шамалы екенін білдіреді.

Қазір елде тіпті бензин тым көп. Ақпан айынан бастап отандық жанармай Қырғыстанға экспортталады. Армения мен Беларуссия да қызығушылық білдіре бастаған. Жылды қорытындылаған Қанат Бозымбаевқа «саяси сахнадағы салмағы» туралы да сұрақ қойылды. Биылғы жыл оған оңайға соқпағаны рас. Үш бірдей орынбасары қамауға алынды. Бензин тапшылығы үшін Президенттен қатаң сөгіс те алды. Бірақ, тағынан таймады.  

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:  

«Күшің неде?» деп сұрасаңыз, 100 келіден астам салмағым бар екенін айтқым келеді. Бәлкім, саяси салмағымның себебі осы шығар. Қалжыңдаймын. Жалпы айтарым, ең бастысы ешқандай қиындықтарға қарамастан жұмыс істеу керек.

М. Дюсекина