Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарлық шаруалар агросектор мамандарына зәру

  • AstanaTV
  • 27 желтоқсан 2018
  • 2983

Павлодарлық шаруалар агросектор мамандарына зәру. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 100-ден астам кадр тапшылығы сезіледі. Білікті мамандарды былай қойғанда облыста қарапайым қойшы, малшы, тіпті сауыншыларды табу қиынға соғып отыр. Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.  

Ауыл шаруашылығы саласында кадр тапшылығы бұған дейін де болған. Оқыту бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік тапсырыс ұлғайды. Тек бұл бағытта тұрақтап қалатындар аз. Сондықтан, шаруалар мәселені бір жақты емес, кешенді түрде шешу қажет деп отыр.  

Александр КАСИЦЫН, ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ: 

Біз сырттан тартылатын мамандарға ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз. Баспана береміз, онда орталықтандырылған жылу, су жүйесі бар. Бірақ, соған қарамастан тұрақтап қалатындар аз. 2-3 жылда әзер дегенде бір-екі маманды алып қаламыз. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Шындап келгенде, ауылда қалып, жұмыс істейтіндер саусақпен санарлық.

Ал, аграрлық-техникалық колледж директоры Серік Жартыбаев болса кадр тапшылығын білікті мамандарды даярлау ісінің ақсап тұрғандығымен түсіндіреді. Айтуынша, өңірде бұл бағытта білім беретін 10 оқу орны бар. Бірақ, оның 5 пайызында ғана білікті мамандар жұмыс істейді.  

Серік ЖАРТЫБАЕВ, КРАСНОАРМЕЙКА АГРАРЛЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Білім ордаларында жылдар бойы материалдық-техникалық база жаңартылмаған. Жоғары білікті мамандар, яғни, оқытушылар жоқ. Еңбекақы деңгейі де мәз емес. Сондықтан, қазіргі бизнесте жүрген мықты деген мамандар ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарына келіп, жұмыс істеуге ниетсіз.

Облыс бойынша агротехникалық факультетті жылына 60 адам бітіреді. Бірақ, оның 10-ы қолындағы дипломымен жұмысқа орналасады. Қалғаны мүлдем басқа саланы таңдайды. Немесе екінші мамандықты қайта оқуға мәжбүр.  

Марат ШҰҒАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бізде механизаторлар тапшы. Қарапайым малшы, қойшы, тіпті сауыншыларды табу қиын. Облыс бойынша шамамен 100-ден астам маман жеткіліксіз. Бізде ірі қожалықтар аз. Ал, шағын шаруашылықтар білікті маманды ұстауға құлықсыз. Артық шығын бұл. Сондықтан, біздің мамандар ауылда емес, қалада тұрақтап қалады.

Ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек облыста агроном, зоотехниктер жеткіліксіз. Шаруа қожалықтары әсіресе білікті ветеринарларға зәру. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

«Мемлекеттік тапсырысты сұранысқа ие мамандық бойынша жасақтау маңызды»-дейді шаруалар. Көп кезекте грант бойынша білім алғандардың дипломы еңбек нарығында керекке жарамай жатады. Бұл да кадр тапшылығы мәселесін күрделендіріп отыр.

Ә. Мұхитқызы