Атырауда қайта жаңғырту бағдарламасымен жөндеу жүріп жатқан үйдің тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, құрылыс компаниясы жарты жыл бойы шаруа бітірмеген. Ал, жаңа жылдан бастап бітпеген үйдің жөндеу ақшасын жинап алмақ деп отыр. Вокзал маңы мөлтек ауданындағы тұрғындарының наразылығын тілшіміз тыңдады.
Мына баспананың пайдалануға берілгеніне отыз жыл болған. 100 шақты пәтері бар. Бірақ, бірде-бір рет жөндеу көрмеген. «Қайта жаңғырту» бағдарламасымен жөнделеді дегенде тұрғындар қуана қолдағандарын айтады. Алайда, жөндеу басталғанына 6 ай өтсе де әлі күнге баспалдақтары шұрқ-тесік, сымдары салбырап тұр. Жұмысшылар жаздың қақ ортасында құрылысқа кіріскенімен, бітіруге асықпай отыр. Ал, жасағандары сапасыз дейді тұрғындар.
Самиғолла ЖҰМАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Подъездің бәрін қопарды-қопарды да кетіп қалды. Қыста сапалы болмайды. Бетон құйып жатыр. Көршім строитель, ол айтады қыста құйған показуxа, көктемде бәрі түсіп қалады,-дейді.
Вера МАКЛАКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
15 тамыздан бері астан-кестеңі шығып жатыр. Біздің сөзімізді тыңдап жатқан ешкім жоқ. ПИК-ке барсақ, ЖКХ-ға сілтейді. 6 ай бойы қоқыстың ортасында отырмыз. Не үшін төлейміз ақша? «Уақытында төлемесе өсімпұл қосамыз»-дейді.
Келісім-шарт бойынша тұрғындар қаңтар айынан бастап, күрделі жөндеудің қарызын өтеуі тиіс. Бірақ, олар сапасыз құрылысқа бір тиын да төлемейміз деп отыр. ПИК басшылары да жұмыстың сапасына арызданды.
Тамара ПОПОВА, «ЖАҢАША» ПИК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Мердігер мекемеге жазбаша ескерту бердік. Оған құлақ асқан жоқ. Құрылыс материалдары болмай біраз тұрып қалды. Тіпті жұмысқа құрылысшыларды емес, қолынан келсін-келмесін бір күндік жұмысқа жалданатын адамдарды тартты. Бәрі сапасыз жасалып жатыр.
Модернизация ұйымдастырумен айналысатын әкімдікке қарасты мекеме өкілдері мәселені шешуге болады дейді. Тұрғындардың көңілінен шықпаған компаниямен келісім-шартты бұзып, басқа құрылыс компаниясын ұсынбақ.
Рүстем Қабдол, «ҚАЛАДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
80 пайызға жуық жұмысы аяқталып тұр. Жасалған жұмысына қаражат төленді. Тұрғындардың наразылығына байланысты, жұмыстың уақытында орындалмауына байланысты, тұрғындармен қайтадан жиналыс өтеді. Басқа мердігер мекемелерді таныстарымыз.
Рүстем Қабдол: «Жөндеу жұмыстары толық аяқталмайынша тұрғындардан ақша талап етпейміз»-деді. Ал, сырты жылтырағанымен, подъездері мен жертөлесі бықсып жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталары әзірге белгісіз.
Б. Нәдірқызы