Русский Сайттың толық нұсқасы

Жылдың әлеуметтік сипаты

  • AstanaTV
  • 29 желтоқсан 2018
  • 2898

Биыл Президент Ішкі істер министрлігін реформалау, балалардың үш ауысымда оқуы, мұғалімдердің функциясына жатпайтын жұмыстарға жегілетіні, әйелдердің еден жуушы болып тұру үшін пара беретіні, онкологиялық ауруларды емдеуде ғылымның соңғы жетістіктерін пайдалану, ірі орталық салу, Түркістан облысындағы бала зорлау оқиғасы, коммуналдық тарифтердің шектен тыс бағасы - ширыққан мәселелердің біразын көтеріп, тапсырмалар берді. Сол пробламалар бар, сонымен бірге апатты үйлер, ауыз суға жарымаған және тура да, ауыспалы да мағынасында балшыққа батқан елді-мекендер, ойқы-шойқы жолдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, коррупция, талай материалдар жасап жүрміз. Мұның бәрі осы жерді сүйгеннен, осы жер көктесе дегеннен туған сюжеттер. Сюжеттердің «эпопеяға» айналмағанын немесе «эпопеяның» үзілгенін қалағаннан. Бір ғана мысал - полицейлер өкілеттігінен аспаса мейлі, бірақ олар қарапайым адамдардың "көкесін танытуға" құштар. Оларды көргенде ішпеген, құжаты түгел адамдардың өзінің еріксіз «дір» ете қалатыны көп нәрседен хабар береді. Ақерке Бектас біздің уақыттың кейбір көріністеріне тоқталады. 

Жер, жесір, жетім дауына келгенде көз жұмып қалмайтын халықпыз. Бірақ бүгінгі қоғамның бейнесі бұл сөзімізге қайшы келіп тұр. Айтқымыз келгені, Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында 7 жастағы баланы жоғарырақ сыныптың бірнеше оқушысы зорлады дегенге байланысты. Жаға ұстатарлық жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірқатар күмәнді жайттар тіркелген соң Зағипа Балиева бала омбудсмені қызметінен босатылды. Бүгін кезекті сот отырысы өтті. Айыпталушы баланың анасы ауырып қалып, сот шешімі 10-шы қаңтарға қалдырылды.   

Шәрипа БАТЫРБЕКОВА, БАЛАНЫҢ ӘЖЕСІ:

Іс созылғанда, созылды ғой. Мен тек судья мырзалардан әділ шешім күтемін. Бала Алматыда. Мектепке барып жатыр. 2 класста оқып жатыр. Мамасымен бірге.

Қыз-келіншектерге жұдырығын ала жүгіретіндер ше. Ағымдағы жылы әр өңірде күйеуінен зорлық көрген бірқатар әйелдің тағдыры эфирден көрсетілді. 29 жастағы Мөлдір шиеттей бес баласымен бір түнде жылы ұясын тастап шығуына себеп біреу - 7 жылдан бері жас келіншектің басынан әңгір таяқ арылмапты.

Мөлдір АЛДАНОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ішсе бір апта ішіп кетеді. Әр ішкен кезде ұрады да, қолмен ұрса сындырып жіберем деп қорқады да соны біліп тұрып ременьмен әдейі ұрады ол. Қызымды ұрады, кейін баламды. Көбінесе балам екеуміз таяқ жейміз. Қызымды ұрмайтын еді, енді қызымды ұрып кетті да, содан соң мен кетіп қалдым.

Полицейлер. Олардың халық алдындағы бейнесі көпшілікке белгілі. Бір ғана мысал. Оралдық 78 жастағы зейнеткер Сергей Шуковты полицейлер көкала қойдай етіп сабаған. Қария досымен бірге балық аулауға барғанын айтады. Шөлдегесін, жол бойындағы кафеден су ішпек болады. Өзінің айтуынша, жабық тұрған дәмхананың терезесін қағып тұрғанда іштен қожайыны шығып, бірден полиция шақырған. Келген полицейлер істің мән-жайын анықтамастан, зейнеткерге жұдырығын ала жүгірген.

Сергей ШУКОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Полиция көлігімен келген жігіт шапалақпен жағымнан тартып жіберді. Қасындағы полицейге «көмектесіңізші» деуім мұң екен, жабылып теуіп тастады. Тіпті «өлтіріп, көміп тастаймыз» деп қорқытты. Қайсысының ұрғаны есімде жоқ, есімнен танып қалдым. Одан қолыма кісен салып, аудан әкімдігінің бір бөлмесіне қамады да, таң атқасын «аман қалғаныңа шүкірлік ет», - деп жібере салды.

Халықаралық құқықтық бастама қорының президенті Айна Шорманбаева Грузияда жұмыс істеген. «Қазақстанда ішкі істер саласын техникалық тұрғыдан реформалауға болады. Бірақ полиция биліктің айтқанымен жүргендіктен аңыз болып айтылатын грузин реформасын жасауға мүмкіндік жоқ», - дейді.

Айна ШОРМАНБАЕВА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ БАСТАМА ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ең бірінші басынынан бастап бүкіл жүйе, ұстанымдар өзгертілуі тиіс. Яғни полиция билікті қорғау емес, халықты, адамдардың құқықтарын қорғауы басты міндеті болуы керек. Бірақ мемлекеттік құрылымдардың реформасын жасамай, оны жасау мүмкін емес.

Ішкі істер саласын реформалауды Президент Жолдауында да айтты. Бұл жиында үш ауысымды мектептер мәселесі де көтерілген болатын. Оған қосымша, елде тозығы жеткен білім ордасы көп.

Дамира МАНКЕЕВА, А.С.ПУШКИН АТЫНДАҒЫ №1 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бір сыныптың өзінде 50-52 оқушыдан да болатын кездер болады. Қанша бөлсек те 47-48 оқушыдан. Себебі орыс сыныптарында бізде мұғалім тапшы, жетіспейді. Сондықтан бізде барлық орыс сыныбында жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығында екі сыныптан. Бірақ тәрбие үдерісі жақсы өтіп жатыр. Мұғалім барынша тырысады, үлгереді.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ПЕДАГОГ:

Былтыр Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласын қосқанда 73 мың бала мектепке барды. Биыл екеуін қосқанда 80 мыңдай бала барды. Бұл жерде есептің жоқтығы, сөздің ашығы, басқа бас қатыратын ештеме жоқ. Қарапайым арифметика.

Елде апатты үйлердің мәселесі де оң шешімін таппай келеді. Шамамен 65 жыл бұрын бой көтерген баспаналарда тұруға мәжбүр адамдар бар. Ескіргені сонша, үйдің іргетасы үгітіліп кеткен.

Людмила ЛОГВИНЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үйдің іргетасын күшейту үшін жан-жағын кірпішпен қалап тастадық. Әкімдіктің көмектесетін түрі жоқ. Көктемде үйімізді су басады. Коммуналдық қызметтің де көмегі шамалы.

Гүлжан Ілиясова отбасымен бірге бұл үйге 10 жыл бұрын көшіп келген. Қазір үйдің дымқыл тартқан қабырғалар қисая бастаған. Кірпіштердің арасында пайда болған тесіктер бірте-бірте ұлғайып кетіпті. Тамшылай берген жаңбырға шыдас бермеген үйдің төбесі былтыр опырылып түскен екен.

Наталья ЕМЕЛЬЯНОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен пәтер кезегінде 53-ші болып тұрмын. 3 жылдың ішінде әлі бір орынға да ілгері жылжыған жоқпын. Мұнда тұру қорқынышты. Түнде киіммен жатамын. Апат кезінде далаға бірден атып шығу үшін.

- Өздеріңіз көргендей, міне есік те ашылмайды. Себебі 2 адамдық палатада 6-7 адамды жатқызуға мәжбүрміз...

 Бұл Алматы іргесіндегі онкологиялық аурухананың бүгінгі жағдайы. Алматы облысының 9 ауданына қызмет көрсететін жалғыз клиника отыз жыл бұрын осы ғимаратқа көшкен. Мұнда жылына 5 мыңнан астам науқас емге жүгінеді. Небәрі 160 орынға арналған мекеме ғимарттан таршылық көріп отыр. Оны айтасыз, компьютерлік томография жасайтын қондырғы жоқ.

Данияр ОРАЛБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АЙМАҚТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кабинеттер жетіспейді. Диагностикалық заманауи техникалар. Диагноз қою мақсатындағы КТ мен МРТ, арнайы сәулемен емдеу орталықтарымен өкінішке орай, халыққа жағдай жасай алмай жатырмыз.

Біз жұрт наразы мәселелердің бір бөлігін ғана тізіп шықтық. Ал ең жаманы - жемқорлық шығар. "Осы ел гүлдесе" демейтіндердің қашан азаятыны белгісіз. Бірақ Димаш сияқты сондай бір пәк, сондай бір таза "дауыстар" тура да, ауыспалы да мағынасында балшыққа батып кетпеуге көмектеседі.

Ақерке Бектас "Біздің уақыт"