Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда жантүршігерлік көлік апаты туралы жаңа деректер анықталды

  • AstanaTV
  • 03 қаңтар 2019
  • 5986

Жаңа жылдың қарсаңында Алматыда орын алған ірі көлік апатына қатысты тың деректер пайда болды. Құқық қорғау органдарынан бой тасалаған күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін жаза арқалайтын болады. Бұл туралы бүгін қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ал, осы апат кезінде тірі қалған актриса Айзада Сатыбалдиева әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалайы. Сондай-ақ, марқұм Шолпан Елгезековамен бірге көз жұмған көлік жүргізушісі мен актрисаның құрбысы туралы да деректер мәлім болды. Қайғылы оқиға туралы Ришат Асқарбекұлы толығырақ баяндайды.  

Қайғылы оқиғаға қатысты түрлі мәліметтер жаңа жылдық демалыс күндері әлеуметтік желіні қатты дүрліктірді. Сенбі күні таңға жуық алған көлік апатынан алғашқыда екі адам қайтыс болған деген мәлімет тараған. Оның бірі кино және театр актрисасы Шолпан Елгезекова екені белгілі болды. Ал, «Мерседес Гелендваген» көлігінің жүргізушісі оқиға орнынан кетіп қалуы қоғамдық резонансты күшейтіп жіберді. 

Мынау бәрін қиратып тастады...

Көп ұзамай оқиға болған жерден бейнетүсірілімдер тарады. Полиция департаментінің орталық басқару жүйесінде тіркелген мына бейнежазбада жол талғамайтын көлік бағдаршамның қызыл түсіне өткені анық көрінеді. Алдын ала болжам бойынша, ережені «Гелендваген» жүргізушісі бұзған. «Ол көп ұзамай ұсталды және оның рөлге мас күйінде отырғаны белгілі болды»-деді полиция департаментінің ресми өкілі. 1985 жылы туған күдіктіге Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айып тағылып отыр. Ол 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Тергеп жатқан анықтау басқармасының қызметкерлері сот прокурор алдында бұл азаматты қамау туралы ұсыныс жасады. Мұны сотта, прокурор да қолдады. Тергеу кезінде бұл азамат міндетті түрде қамауда болады, қазір тергеу изоляторына қамалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, іс материалдары сотқа жолданатын болады.

Жеңіл автокөліктің тізгінінде болған Бақытнұр Құныпия есімді мына жігіт. Ол оқиға орнында бірден көз жұмған. Алматы облысы Қаскелең қаласында колледжде жұмыс істеген. Әріптесі әрі досы Долқын Нұрсали 2002 жылы Қытайдан көшіп келгенін айтты. Содан бері жұбы жазылмай соңғы күнге дейін бірге жүрген. Бақытнұрдың анасы мен үш бауыры Қытайда тұрады деді. Ал, өзі білім іздеп, тарихи отанына қоныс аударған.

Долқын НҰРСАЛИ, ДОСЫ:

Соңғы рет мен оны 28-і күні таңертең көрдім, ол ұйықтап жатқанда мен жұмысқа кеткенмін. Содан мен ауырып больницаға жатып қалдым, ертесі сағат 10-дарда маған Бақытнұр авариядан қайтыс болды деген хабар келді. Машинасын кредитке алған болатын. Өзі бір күйзелісте жүрді, жалқысы жетпейтін. Сосын такси боламын деп шығып кететін қалаға. Ойламаған жерден осындайға душар болып отыр.

«Мицубиси» көлігіндегі жолаушылардың арасында аман қалған жалғыз жолаушы Айзада Сатыбалдинованың жағдайын дәрігерлер әлі де ауыр деп бағалап отыр. Ол Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актрисасы, қазір ол жансақтау бөліміне жатыр.

Оңласын ИБЕКЕНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ШҰҒЫЛ КӨМЕК КӨРСЕТУ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі кезде жағдайы ауыр. Бір қалыпты. Диагнозы: қосарланған ауыр жарақат, жабық бас ми жарақаты, бас миының соғылуы. Көптеген қабырғалары сынған, травматикалық шокта әлі.

Шолпан Елгезекова біздің арнада қараша айында тұсауы кесілген «Жүрек сыры» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған болатын. Ал, жол апатының үшінші құрбаны-Астана қаласының тұрғыны. Екі баланың анасы Динара Хамитова тағам тасымалдайтын компаниялардың бірінде атқарушы директор болып қызмет еткен. Шетелдік қымбат көлік жүргізушісінің туыстары марқұмдардың жақындарынан кешірім сұраған. Мұны қайтыс болған жандардың туыстары айтты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қалалық полиция департаменті басты күдіктінің атын атаудан бас тартып отыр. Прокуратура жергілікті полицияға оның фотосуретін көрсетіп, есімін толық атауға тиым салған. Бірақ, соңғы күндері әлеуметтік желілер мен кейбір ақпараттық агенттіктер күдіктінің есімі Ильяс екені айтылып жатыр.

Р. Асқарбекұлы