Бүгін Денис Теннің ісі бойынша екінші сот талқылауы өтті. Түске дейін сотта спортшының анасы Оксана Тен бір жарым сағаттық мәлемдеме жасады. Ол күдіктілер Денисті қатты ашуландырып, қақтығысқа итермелеген деген ойын айтты. Сондай-ақ, қарақшылар оқиға орнынан бағалы заттарды алмай кеткеніне мән берді. Оксана Тен күдіктілер тарапынан алдынан өтіп кешірім сұрау болмағанын да тілге тиек етті. Мұнан соң куәгерлер сұрала бастады. Солардың бірі-қанды оқиға алдында спортшымен бірге мейрамханада тамақтанған Руслан Хайруллаев. Сотта өзін Денис Теннің сыныптасымын деп таныстырған жігіт мұны оқыс оқиға, кездейсоқ болған өлім деді.
Руслан ХАЙРУЛЛАЕВ, КУӘГЕР:
Мен екінші қабатта үстел басында отырғанмын. Еден жуушы сыртта біреуді пышақтап кеткенін айтты. Мен төмен түсіп бара жатып, аспазшылар арасында төбелес болған шығар деп күдіктендім. Денис туралы басыма кіріп те шықпаған еді. Дениспен біз бір күн бұрын кездескенбіз. Ол мені қонаққа шақырған. Ал, сол күні мен оны түскі асқа шақырған болатынмын. Мұндай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті.
Р. Асқарбекұлы