Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 90 мыңнан астам шағын және орта кәсіп өкілдері салық рақымшылығына ілігеді

  • AstanaTV
  • 04 қаңтар 2019
  • 3318

Тобыл өңіріндегі орта бизнес өкілінің негізгі салық қарызы 663 миллион теңгеге жеткен. Қостанайлық кәсіпкер жыл соңына дейін қомақты сомманы төлесе, 50 миллион өсімақыдан босатылады. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары: «Салықтық амнистия қордаланған қарыздан құтылуға мүмкіндік береді»-дейді. Бастамаға ел аумағында 90 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі ілікпек.  

Бұл-Жамбылдағы жарық шамдарын жасайтын жалғыз кәсіпорын. Ел нарығында 20 жылдан бері диотты шамдар шығарып, электромонтаждау жұмыстарымен айналысып келеді. Алайда, 2017 жылы өнімдеріне сұраныс күрт төмендеп, өндірістік қуаты әлсірепті. Соның салдарынан салық берешегі миллиондаған теңге жеткен. Кәсіпорындағы 200-ге жуық жұмысшы 50-ге дейін қысқарады. Енді жаңа заңның арқасында қарызымыз азаяды деп отыр.  

Рамазан БАЯЗИТОВ, БАС ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Әр мәселемен уақтылы төленбеген салық мөлшерлемесі үстінен қосымша төлемді төлеуге көбісінің шамасы жетпейді. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің мекемеде де 2 млн теңгеден астам қосымша қарыз төлеміміз бар. Қазір сол негізгі салығымызды төлесек, өсімақысы алынып тасталады. Ол көп жеңілдік, көп кәсіпкерлерге жеңілдік болады деп ойлаймын. 2017 жылғы негізгі біздің төленбеген салығымыздың мөлшерлемесі.

Салық рақымшылығы талай кәсіпкердің қордаланған қарызын өсімақысыз, айппұлсыз өтеуге мүмкіндік береді. Мәселен, Қостанай облысында 67 мыңнан астам орта және шағын кәсіп иесі болса, соның 2700-і салық төлей алмай сарсаңға түскен. Олар қазынаға 3 миллиард 300 миллион теңге қарыз. Қомақты соманы төлесе 2 миллиардқа жуық өсімақыдан босатылмақ.  

Бауыржан ЕРМЕНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Үкімет салық төлеушілерге сондай бір үлкен жеңілдік істейін деп отыр ғой. Өйткені 2019 жылдан жаңадан бастауы керек. Бірақ, енді айтып отырмын салық төлеушілер өздері де белсенділік танытып, негізгі борышын төлеген кезде сонда салық амнистиясына жатады олар.

Қайрат АКЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біріншіден, пенияларынан, штрафтарынан босатылады. Қосымша кәсіпкерлер өздерінің обороттарын пополнять ету мүмкіншілік бар, пения төлегенше. Қазір кәсіпкерлер палатасы өзіміз тарапымыздан фейсбук бар, өзіміздің ұлттық кәсіпкерлер палатасының вей сайты бар солар арқылы қазір кәсіпкерлерге жеткеріп жүрміз осы іс-шаралар қойылып жатқанын.

Қазақстан кәсіпкерлері және сервистік қызмет қауымдастығының өкілдері салықтық амнистия мерзімін 3 жылға дейін ұзартуды ұсынып отыр. Ермек Әбілдин қарызынан құтылған компаниялар тізімін ақпарат құралдарында жариялау керек дейді. Сонда ғана қосымша құн салығын төлеуден жалтаратындар саны азаймақ. Бизнесмен салық реформасын жүргізіп, қосымша құн салығын алып тастаса деген пікірін білдірді.  

Ермек ӘБІЛДИН, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІ ЖӘНЕ СЕРВИСТІК ҚЫЗМЕТ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Қарыздың қордаланып қалуы қайдан дейсіз ғой. Ол -қосымша құн салығы мен корпоративті кіріс салығынан төлемеуден. Сатылымнан бастап салық енгізу керек. Бірақ бұл ұсыныс жаңа салық кодексінде жоқ.

Атап өтейік, шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау үшін жасалған «Салық рақымшылығы туралы» Заң былтыр 28 желтоқсанда қабылданған болатын. Бұл игі шараға акцизделетін топтың өндірушілері, мұнай саласында жұмыс істейтін компаниялар мен жалған кәсіпорындар ілікпейді. 

З. Санай