Денис Тен мен күдіктілер арасындағы төбелесті көріп, бірақ әрекет етпеді деп күдікке ілінген екі полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан сот отырысында белгілі болды. Жәбірленуші тараптың адвокаты прокурорлардан екі инспекторға қатысты істің не себепті тоқтатылғанын сұрады. Тергеу барысында құқық қорғау қызметкерлерінің әрекетінде қылмыстық құрамның болмағаны анықталған. Алайда, жәбірленуші тарап сотқа бұл туралы талап-арыз түсіретіндерін мәлімдеді.
Нұрлан ӨСТЕМІРОВ, АДВОКАТ:
Тергеу барысында алдын-ала тергеудің бірыңғай реестріне екі инспекторға қатысты қылмыстық істің тіркелгенін мен көргенмін. Бірақ, тергеу кезінде прокуратура олардың іс-әрекетінен қылмыстың іздерін көрмеген соң, қысқартқаны белгілі болды. Бұл мәселе бойынша қайта шағымданамыз. Себебі, ол екі полиция қызметкері Денис Теннің машинасынан кейін бір машинадан соң көлік ішінде отырған. Олардың төбелесті көрмеуі мүмкін емес. Адамдардың қауіпсіздігіне жауап беру инспекторлардың конситутциялық міндеті екенін ұмытқан сияқты.
Сондай-ақ, бүгін оқиға орнына алғаш жеткен екі полиция инспекторы да куәгер ретінде түсніктеме берді. Полиция инспекторлары Денис Тенге қастандық жасағандарды ұстай алмаған. Ол кезде күдіктілер ізін суытып үлгерген. Спортшы соңғы рет тамақ ішіп шыққан мейрамхананың қызметкерлері де бүгін куәгер ретінде сұраққа алынды. Құрманғазы мен Бәйсейітова көшелерінің қиылысында орналасқан екі бірдей дәмхананың иелері Дениспен таныс болған. Келесі сот отырысы ертең жалғасады.
Р. Асқарбекұлы