Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда шенеуніктер мейрамханаға бармайтын болған

  • AstanaTV
  • 14 қаңтар 2019
  • 3241

Қызықтан құр қалған шенділер! Қызылжарда мейрамхана қожайындары табыс азайғанына шағынды. Себеп- заң талаптары күшейген соң, шенеуніктер көңіл-көтеру орындарын айналып өтетін болған дейді. Мемлекеттік қызметкерлер тіпті, дәмханада түскі ас ішуден қалған. Абзал Құрманкин «құпия» кейіпкермен тілдесіп, проблеманың тамырын басып көрді.  

Есімін атамауды өтінген экс- мемлекеттік қызметкер, бізбен тек телефон арқылы тілдесуге келісті. Айтуынша, еңбек жолын қарапайым маман болып бастаған. Уақыт өте аудандық әкімдіктің аппарат жетекшісі лауазымына дейін өсіпті. 13 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Алайда, «отырса опақ, тұрса сопақ» болатын қызметін жеке компанияға ауыстырғанын айтады.  

Бұрын бір жерге барып тамақ ішу қиынға соқпайтын. Кейін заң қатаңдап, қонаққа барудан қалдық. Кафелерде отырған кезде мазаң кетеді. Билегің келсе, біреу фотоға түсіріп ала ма деп қорқасың. Мейрамханалардың ішінде жеке бөлмелерде тығылып жүргенің. Жеке секторға ауысқаннан кейін жаным тынышталды. 

Жуырда Алматыда ұлттық қауіпсіздік департаменті қызметкерлерінің жаңа жылдық кештегі видеосын бәз біреу әлеуметтік желіде жариялап жіберген. Ізінше комитет бейнежазбаға қатысты түсініктеме беріп, ішкі тексеріс жұмысын қолға алғанын жеткізді. 

Ал, қызылжарлық мейрамханалар көңіл көтеретін шенеуніктер қатары кеміп, табыс азайып кетекнін мәлімдеді. Қалтасы қағылған қожайындар тіпті, заңды қайта қарастыруды ұсынды. 

Сайран ХАМЗИН, СҚО МЕЙРАМХАНАЛАР МЕН ҚОНАҚ ҮЙЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Аймақтарда орналасқан мейрамханалар табысының бір бөлігі мемлекеттік қызметкерлерден түсетін. Бүгінде дәмхана мен мейрамханаларда шенеуніктердің қарасы көрінбейді. Біз бірнеше елдің тәжірибесін ескеріп, талдау жүргіздік. Шетелде мемлекеттік қызметкерлерге тынығу мекемелеріне баруға рұқсат берілген. Олар да адам емес пе?! Шенеуніктер отбасымен бірге мейрамханаға баруға құқылы. Сондықтан, заңнаманы жетілдірген жөн.

Ал, Мемлекеттік қызмет істері департаментінің жетекшісі, рейдке шықпайтындарын мәлімдеді. Шенеуніктер онсыз да халықтың назарында, дейді олар. 2016-2017 жылдары департамент әдеп кеңесін өткізіп, қоғамдық орындарда өзін лайықты ұстай алмаған бірнеше шенеуніктің ісін қарастырған. Алайда, былтыр мұндай деректер мүлде кездеспепті. 

Елена СТЕПАНЕНКО, СҚО МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЖҚІҚ АГЕНТТІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: 

2018 жылы әдеп кеңесіне мемлекеттік қызметкердің тәртібін қарастыру мәселесі түспеді. Қазір барлық шенеуніктер өз жұмысына жауапты қарайды. Қазақстанның заңнамасы мемлекеттік қызметкерлерге көңіл көтеру мекемелеріне баруға рұқсат береді. Бірақ, олар шектен шықпауы тиіс. Мемлекеттік қызметкер - биліктің келбеті.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты заңнаманы тек мейрамхана иелері ғана емес, бұрынғы шенеуніктердің өздері де қайта қарастыру керек дейді. Себебі, онда әдеп нормалыр нақтыланбаған. Салдарынан айналада смартфондар жалаңдаған, қазіргідей қоғамда, мемлекеттік қызметкерлер өз көлеңкесінен өзі қорқатын жағдайға жетті.

 А.Құрманкин