Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда адам өлімімен аяқталған жаппай төбелестен жапа шеккендердің қатарында кәмелет жасына толмаған жеткіншек те бар

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2017
  • 3862

Жамбылдағы жаппай төбелестен жапа шеккендердің қатарында кәмелет жасына толмаған жеткіншек те бар. Ал қаза болған 30 жастағы азаматтың Қаракемер ауылының тұрғыны екені, оның 3 баласы бары белгілі болды. Ауруханаға атыс болған күні 9 адам түскен. Бүгін олардың қарулы қақтығысқа айдап барған автокөліктері табылып, айыптұраққа жеткізілді. Ал адамға оқ атқан күдікті табылды ма? Жапа шеккендердің жағдайы қалай? Данияр Әлімқұл анықтап көрді.

Топ болып төбелескен Қаракемер және Құмтиын ауылының адамдары екені анықталды.  Қазір қос ауылды тәртіп сақшылары торуылдап жүр. Тіпті ауылға кіріп-шығатын әр қақпаның алдына қызыл жағалылардан арнайы қарауыл қойылған. Полицейлер үй-үйді аралап, ауыл адамдарын тегіс тергеп жатыр. Атыс болған күні ауруханаға 9 адам түскен. Қақтығысқа қатысы бар 2 науқас төсекке таңылған. 

Жетпіс Айқожаев, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

Аяғынан, тірсегі дейміз, тізе буындары көптеген бытыра жарақаттары дейді ғой, сол жағынан жарақат алған. Екіншісінде бас жарақаты, миы шайқалған. Денесінің бәрі  жырылған. Сол жағдайда жатыр қазір бізде. Қазіргі уақытта ем-домның бәрін алып жатыр.

Қазір хирургия бөлімінде 16 жастағы Қаракемер ауылының тұрғыны да жатыр. Ауруханаға ауыр жарақатпен түскен 19 жастағы Бақдәулеттің балтырына бытыра оғы тиген. Ол камераға көрінуден бас тарты. Ал анасы баласының бұзақыларға қатысы жоқ деп жыларман.

Ақмарал Жәмебаева,  Құмтиын ауылының тұрғыны:

Жүгіріп барған енді, не жағдай боп жатыр деп, болды басқа ешқандай қатысы жоқ. Азанда тауып алдық баланы, өзімнің үйімнен шөптің арасынан.

Ал қарулы қақтығыс Құмтиын ауылының қасында болған. Қарулы қақтығыстың қандай жағдайда өткенін мына машиналардан байқауға болады. Сау тамтығы қалмаған 4 жеңіл көлікті ауыл ішінен тәртіп сақшылары таңсәріде тауып алып,  айыптұраққа жеткізген. Ал қайтыс болған адамның 3 баласы бар екені, өзі өрт сөндіруші болғаны белгілі болды. Полицейлер болса, мылтық атқан адамды әлі таппай жатыр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ