Екі аптаға созылған Денис Теннің ісін қарап жатқан сот соңына таяды. Бүгін жарыссөз барысында прокурорлар айыптаушыларға кесілетін үкімнің мерзімдерін атады. Ал, спортшының анасы істі қайтадан тергеуге жіберуді талап етті. Кешқұрым үкім алдындағы соңғы сөзін айтуға мүмкіндік алған күдіктілер не деді?! Елді дүрліктірген қылмыстық оқиғаға кінәлілерді қандай жаза күтіп тұр. Сот залынан оралған Ришат Асқарбекұлы толығырақ айтатын болады.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Бүгінгі сот отырысында судья жарыссөзге көшпес бұрын Оксана Теннің тарапынан жасалған талап-арызға назар аударды. Спортшының анасы тағы да істі қайта тергеуге жіберуді сұрады. Ол Денистің өліміне себепші болған адамдар әлі де бостандықта жүр деп есептейді.
Бірақ, прокуратура өкілдері қылмыстық іс 5 ай бойы жан-жақты тергелгенін айтып, бұл талап-арызды қанағаттандырмауды сұрады. Сосын сот айыптау қортындысын оқуға мүмкіндік берді. Сонымен «қарақшылық», «ұрлық және алдын ала сөз байласып адам өлтіруге оқталған» деген баптар бойынша күдікке ілінген «үштікке» қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Қуандық ДОСОВ, ПРОКУРОР:
Арман Құдайбергеновті негізгі үш айып бойынша кінәлі деп танып, бәрін қосқанда 20 жылға, Нұралы Қиясовты да осы баптардың негізінде, яғни, «топ болып адам өлтіру», «қарақшылық», «ұрлық және қару қолдану» қылмысы үшін 20 жылға. Ал, Жанар Толыбаеваны қылмыс туралы «ақпаратты жеткізбеу» және «алдын ала сөз байласып, ұрлық жасау» баптары бойынша айыпты деп санаймыз. Оған 4 жыл тағайындалсын.
Алайда, жарыссөз барысында Оксана Тен осы қылмысты ұйымдастыруға белсене ат салысқан Жанар Толыбаева деді. Оған тергеу барысында куәгерлердің берген түсініктемелері мен бейнебақылау камераларындағы жазбалар дәлел болады. Сондықтан, жәбірленуші тарап әйелді де кем дегенде 20 жылға соттау қажет деген пікірде.
Амангелді САРИЕВ, Ж. ТОЛЫБАЕВАНЫҢ АДВОКАТЫ:
Толыбаеваға сөйтіп айтып отыр. Оған бірақ құжаттық ақпараттық жоқ. Ешкімді танымайды. Қиясовты танымайды. Екеуі айты ғой, біз он тоғызы өзіміз қылмысқа бара жаттық деп. Толыбаева білмейді деді. Одан басқа не айтуға болады.
Айта кетейік сот талқылауы барысында үш күдіктінің біреуі ғана өз қылмысын мойындады. Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ тыққанын және кінәлі екенін айтты. Ал, Арман Құдайбергенов ұрлық бабы бойынша ғана кінәлімін деп мәлімдесе, Жанар Толыбаева іс бойынша өзін кінәсіз деп санайды. Сот бүгін оларға соңғы өздерін айтуға мүмкіндік берілді.
Нұралы ҚИЯСОВ, СОТТАЛУШЫ:
Оксана ханым, бізді кешіруіңізді сұраймын. Өйткені, білемін, жүрегіңізге өшпейтін дақ салдық.
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, СОТТАЛУШЫ:
Искренноо сожелею что все так вышло. Собелезную! Я не хотел все что так вышло.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:
Ал, Жанар Толыбаева Денис Теннің анасынан кешірім сұраған жоқ. Ол екі баланың анасы екенін айтты. «Сот әділ үкім шығарады» деп сенемін деп қысқа қайырды. Ал, іс Оксана Тен талап еткендей қайта тергеуге жіберіле ме? Ол жағын судья ертең айтуы мүмкін.
Р. Асқарбекұлы