Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде менингиттен өлген әйелдің диагнозы мәйітханада бір-ақ белгілі болды

  • AstanaTV
  • 17 қаңтар 2019
  • 3515

Ақтөбедеде жас ана менингиттен көз жұмды. Бір ай бойы аурудан бас көтермеген әйелге дұрыс диагноз өлгенде бір-ақ қойылды. 26 жастағы Инна Пиличтың дерті мәйітханада жасаған сараптамадан соң белгілі болды. Туыстары науқасқа бей-жай қараған дәрігерлердің үстінен прокуратруға арызданып жатыр. Бахыт Рахметова тарқатады. 

Татьяна Пилич сіңілісінің қазасынан кейін есін жия алар емес. Инна үшінші перзентіне жүкті болған. Бұған дейін денсаулығында еш кінәрат болмапты. Тек желтоқсан айынан бері басы ауырып, қатты құсуды шығарған. Жедел жәрдем «токсикоздың ауыр түрі» деген диагноз қойыпты. Дерті шыдатпаған соң, Инна облыстық клиникалық ауруханада түсік жасатқан. Бірақ, келіншектің жағдайы, одан оңалған жоқ. Тіпті, нашарлай берген.  

Татьяна ПИЛИЧ, МАРҚҰМНЫҢ АПАСЫ:  

Ауруханада қасында болдық. Сонда дәрігерлер бізге жүкітіліктен соң мұндай болады. Барлығы жақсы болады деді. Дұрыс тамақтандырып, көбірек сұйықтық беріңіздер деді. Бірақ, жағдайы жақсарған жоқ. Күннен күнге солып бара жатқан соң 14 күні біз жүктіліктен мұндай болуы мүмкін емес МРТ, томография бір нәрсе істеңізші деп жалындық.

Ақырында Инна басын көтере алмайтын жағдайға жетеді. Тек содан соң ғана дәрігерлер науқастың басын томографияға түсіріп, миында өзгеріс барын анықтаған. 18- желтоқсанда ол есінен танып, комаға түседі. Ал, екі аптадан кейін есін жимаған күйі жан тапсырған.  

Татьяна ПИЛИЧ, МАРҚҰМНЫҢ АПАСЫ: 

Дәрігерлердің салғырттығы. Дер кезінде қимылдаған жоқ. Сіңілім жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқанда ғана олар жанұшырып жүгірді. Сонда ғана олар менингит болуы мүмкін деді. Ал, оған дейін бірде -бір дәрігер не гинекология бөлімі, инсульт центрде оны толық тексерген жоқ. Сіңілім өз аяғымен келіп тұрып, одан айырылып қалдық.

Ал, науқасты емдеген аурухана дәрігерлері қолдан келгеннің барлығын жасадық дейді. Қазір ақ халаттылар гистологиялық зерттеу қорытыңдысын күтіп отыр.  

Зәмза ХАЙРУЛЛИНА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:  

Қазіргі таңда комиссия құрылып, жұмыс жасап жатыр. Нәтижесі бізге әлі белгісіз, шыққан жоқ. Гистология дайын болғаннан кейін біздер анық жауап бере аламыз.

Марқұмның жақындары Иннаның миында менингит болғанын тек мәйітханадағы сараптамадан кейін білдік деп отыр. Әу баста дұрыс диагноз қойылып, емделса, өмірін сақтап қалуға болар еді дейді туыстары.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Қыршын кеткен жас ананың жақындары облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен прокуратураға арызданған. Олар өз ісіне салғырт қараған дәрігерлердің жазалануын талап етіп отыр. Ал, марқұмның артында үш және төрт жастағы екі перзенті қалды.

Б. Рахметова