Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда шаңырақ көтерген 2 жарым мың жұптың 1700-і ажырасып тынады

  • AstanaTV
  • 18 қаңтар 2019
  • 3864

Павлодарда ажырасу көрсеткіші жаға ұстатады. Қалалық АХАЖ бөлімінің мәліметінше, былтыр шаңырақ көтерген 2 жарым мың жұптың, 1700-і айрылысып кеткен. Яғни, жас жұбайлардың үштен бір бөлігі ғана үй болады. Ал, судьялар отбасын сақтап қалу үшін, ерлі-зайыптыларға психологиялық кеңес беруді қолға алған.  

33 жастағы Динара жеке кәсіпкер. Материалдық тұрғыда тәуелсіз. Есесіне, отбасын сақтап қалуға көмектеспеді. Өйткені, күйеуі келіншектің еркіндігін қаламаған.  

Динара КҮЗЕКОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мен саналы түрде тұрмысқа шықтым. Ол кезде жасым 28-де болатын. Отбасы құруға дайын болдым. Оң-солымды саралап, біліп алып дегендей. Бірақ, жолдасым мені қалай бармын солай қабылдағысы келмеді. Қолдау көрсетпеді. Содан кикілжің басталды. Үйдегі береке - махаббаттан емес, өзара сыйластықтан басталады. Сол жетіспеді бізге.

Қалалық АХАЖ бөлімі соңғы алты жылға талдау жүргізген. Оның нәтижесі жаға ұстатты. «Осы уақыт аралығында ажырасу көрсеткіші бір деңгейде» - дейді мамандар. Жыл сайын - 1700 отбасының шаңырағы шайқалған.  

Жанна ТОҚАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ АХАЖ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

2018 жылдың қорытындысы бойынша Павлодарда 2558 жұп некелескен. Бірақ, 1700 отбасы қайта ажырасты. Салыстырмалы түрде айтар салсақ, 2013 жылғы ажырасу көрсеткіші - 1735, былтырғымен шамалас.

Теріскейдегі ахуал да көңіл көншітпейді. Соңғы бір жылда шаңырағы шайқалғандар саны 5 пайызға артыпты. Сотқа ажырасу жөнінде 2 мың 200 іс түсіп, оның 1 жарым мыңы қанағаттандырылған. «Отбасындағы кикілжіңге көбіне тұрмыстық жағдай әсер етеді» - дейді судьялар.   

Әлия АЙСИНА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Ажырасудың 2-3 себебін нақ айтуға болады. Біріншісі, отағасының ішімдікке салынуы немесе басқа да заттарға тәуелділігі. Содан кейін тұрақты жұмыстың болмауы. Яғни, отбасы асырауға қауқарсыздық.

Ал, Керекуде былтыр неке бұзу туралы 3 585 арыз түскен. Отбасын сақтап қалу үшін судьялар арнайы жоба қолға алыпты. Ерлі-зайыптылардың ісін сотқа жеткізбей татуластыру үшін психологиялық кеңестер беріп жүр. Қайта осы жоба арқылы 575 шаңырақты сақтап қалған.    

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Соңғы мәліметтерге сенсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа енген. Мұндай ақпаратты жуырда британдық «ЭкОномист» журналы жариялаған. Некеден бас тартатындардың орташа жасы 35 пен 45-тің аралығы. Дегенмен, «ерте үйленіп, тұрмыстық қиындықтарға төтеп бере алмай, екі жаққа кететін жастар да аз емес» - дейді мамандар.

Ә. Мұхитқызы