Русский Сайттың толық нұсқасы

Аядай ғана тар бөлмеде алты баласын асыраған Әбдиевтер шаңырағы көмекке зәру

  • AstanaTV
  • 08 қараша 2017
  • 3425

Аядай ғана тар бөлмеде алты баласын асыраған Әбдиевтер шаңырағы көмекке зәру. Алматы маңындағы Қарасай ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі ескі моншаның бір бұрышын олар 6 жылдан бері паналап келеді. Жылдар бойы жергілікті биліктен жер сұрап шаршаған шаңырақтың жағдайын Олжас Нұржақып көріп қайтты.

Күміс алқа иесі Гүлбану Ысқақова, мына тізіле жататын тар бөлме жақын күндері тағы бір баламен толығады, дейді. Жұбайымен 2002 жылы Алматыға Қызылордадан көшіп келген. Алғашқы жылдары жалдамалы пәтер жағалаған жанұяның жағдайы нашарлап, Жамбыл ауылына тұрақтапты. Міне, содан бері 6 жыл болды осында тіркеліп, жер тізіміне іліккен. Бірақ 2014-ші жылғы кезектен әлі жылжымаған. Оның үстіне ескі үйдің қабырғалары да сыр берген. Жауын жауса болды, төбеден су тамып, көлге айналады.

Гүлбану Ысқақова, көп балалы ана:

86 деп қолыма берген. Қазір міне, 2017 әлі жылжымаған, ештеңе де жоқ. Баратын жеріміз жоқ болғандықтан, келіп, иесімен сөйлесіп, «тұра тұрайық, көмектесіңіз» деп тұрдық осы жерге. Тұрсаңдар тұрыңдар, бірақ құлайын деп тұр. Абайлаңыздар, бала-шаға бар деді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Тамшылап аққан жауын суы түн ұйқыны бұзғанмен, тіршілік үшін күресте тосқауыл емес. Оның да амалы бар. Мынадай шағын ыдыстар қойып, суы толғанда, төгіп отырады.

Гүлбанудың екі баласы кәсіптік колледжде жатып оқиды. Ал мына екі бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған. Бірақ күн бұзылғалы үйде отыр. Жеңіл аяқкиіммен ауырып қалса, дәрі алатын ақшаны қайдан табам деп, анасы сабаққа  жібермепті.

Диана Құрманбек, Г. Ысқақованың қызы:

Мен дәу үйге барғым келеді. Жаңа жылды сол үлкен үйде қарсы алғым келеді. Сосын сол үйде мамаммен, әкеммен, бауырларыммен тұрсам деймін.

Бүлдіршіндердің арманы қазір орындала қоймайтын сыңайлы. Өйткені жергілікті билік, қолдан келер шара - әлеуметтік жағынан көмек көрсету, дейді.

Ильяс Қалиев, Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары:

Енді ондай жер телімдері бүгінгі күнде жоқ. Қарастырылған жоқ бізде. Алдағы уақытта болып жатса, олардан да бөлек тізімде тұрған 300-ге жуық адам бар. Пәтер жағдайын қарастыру алдағы уақытта спонсорлар көмегімен тек қана. Егер келіп жатқан жағдайда біз көмек көрсетеміз.

Тар бөлмеге тығылған бүлдіршіндерге ғайыптан көмек келмесе, әзірге осы жерде біраз жыл тұруға тура келеді. Отбасы үшінші топтағы мүгедек отағасының азын-аулақ тапқан ақшасы мен мемлекеттен бөлінетін 40 мың теңгеге өлместің күнін кешуге мәжбүр.

Олжас НҰРЖАҚЫП