Сенат депутаты, балалар құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаеваның хабарлауынша, 13-15 жастағы мектеп оқушыларының 15 проценті темекі шегеді, 18 проценті арақ ішеді... Сондықтан Ақтөбеде мектеп оқушыларының төбелесіп, біреуінің пышақталғаны алаңдататын мәселе, бірақ елең ете қалатын жаңалық емес. Білім ошақтарында тексеріс басталған. Жауапкершілік жүгін арқалайтынын ата-аналар да ұмытпаса, дейді мұғалімдер. «Бірінші кезекте ата-ана жауапты» деп тура айта алмайды... Бақыт Рақметованың материалы.
Соңғы кезде мектеп оқушылары арасында мәселені «жігітше» шешу үрдісі асқынып барады. Жанжалдасқан жастар енді жұдырықтасуды қойып, пышақтасуды шығарған. Жуырда Ақтөбеде қырық шақты бозбала ескі зираттың басына жиналып, айтып отырғанымыздай, мәселені "жігітше" шешпек болған. Ақыры бір жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті.
Нұрлан Теңелов, жәбірленушінің әкесі:
Қолтықтың астынан жүрекке екі см қалған. Бала бір қолы істемейді. Нервісіне тиген ғой. Дәрігерлер 50/50 мүгедек болып қалуы мүмкін дейді.
Жиналған төрт мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында былтырғы түлектер де бар. Барлығын да ұстаздары жақсы жағынан сипаттайды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып жүрген, сабақ үлгерімі жақсы оқушылар, деп отыр.
Назгүл Сартаева, № 22 орта мектеп директорының орынбасары:
Бұл жерде бұзақылық болғанда топпен кетіп тұр ғой. Бұған дейін бұзақылығын көрген жоқпыз. Мектеп ішілік есепте тұр. Бақылауға алынады. Жұмыс жүргізіледі әрі қарай.
Нұргүл Байниязова, №15 орта мектебінің директоры:
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Оның ішінде 15 мектептен болған болған үш бала бар деген күдік анықталды. Біреуі 9 класс оқушысы ешқандай қатыспаған. Ал қалған екеуін күдікті есебінде алып отыр.
Қалалық білім бөлімі мектептерде қазір бақылау күшейтілді,- дейді. Бұл жолы нақты шара қолданылмақ.
Гүлнәз Мырзағалиева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:
Осындай жағдай болып отыр. Ата - ананың да жауапкершілігі арттырса деп ойлаймыз. Ал мектеп басшыларына келетін болсақ, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болсын, директордың өзі болсын, міндетті түрде шара қолданылатын болады.
Десе де, өңірде мектеп оқушылары бір біріне бірінші рет пышақ сілтеп отырған жоқ. Бұған дейін Алға ауданында қыздар төбелесіп, жасөспірім қыз көзінен зақым алып, ұзақ уақыт ауруханада жатты. №73 мектепте 8 сынып оқушысы сабақ кезінде басқа оқушыға пышақ салған. Мақсұт Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп -интернатында болған жанжалдан 16 жастағы бозбаланы ажалдан дәрігерлер әзер арашалап қалды. Ал ең сорақысы, «Алтын белгі» иегері өзіндей түлекті өлтіріп алып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бала бойындағы агрессияға көп нәрсе әсер етеді. Психологтардың айтуынша, суық қару ұстау виртуалды өмірмен, теледидарда көрсетілетін зорлық-зомбылықпен тығыз байланысты екен. Компьютерлік ойында қарсыласын оңай өлтіре салатын олар, өмірде ақ пен қараны ажырата алмай қалатын көрінеді. Тағы бір фактор - отбасындағы жағдай.
Ирина Украинцева, психолог:
Біз бәріміз кінәліміз. Барлығы отбасынан басталады. Бала отбасында жалғызсыраса, онымен сөйлесетін, сыр бөлісетін жан табылмаса, өзіне ыңғайлы орта іздейді. Көп ретте ол тобырда, көптің арасында өзін қауіпсіз сезінеді. Ал топтың арасында қолына пышақ ұстаса, тіпті «крутой» саналады. Бірақ сол мезетте бала ақиқатты, өзінің не істеп тұрғанын, оның қандай салдары болатынын еш түсінбейді.
Өз мәселесімен жалғыз қалған балаға ең әуелі мектеп психологтары көмектесуі керек. Бірақ «мектеп психологы» деген тек аты ғана. Олар мектептегі келеңсіздіктерді сол мектептен нан тауып отырған соң жасыруға тырысады, дейді практик маман. Мектеп психологтарын жұмысының нәтижесіне қарап бағалау керек деген ұсыныс айтады. Ал зират басындағы жанжалға қатысқан жігіттерге қатысты бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр. Бірақ бұдан мәселенің түбегейлі шешілмейтіні белгілі.
Алена Дуля, заңгер:
Абақтылар және түзеу мекемелері қылмыскерді түзей қоймайды, тіпті кересінше. Сондықтан түрме ең ақырғы жол болуы тиіс. Егер жасөспірім қылмыс жасаса оны тура жолға салудың басқа да жолдарын қолдану керек деп ойлаймын. Мәселен, сол бозбала ата-анасымен бірге 5 немесе 10 күн психологтың қабылдауында болуы керек. Мұны нәтижесі болады.
Бақыт Рахметова, тілші:
Сондай-ақ мамандар мектептерде психологтың қадағалауымен медиация кабинеттерін ашып, оқушыларға мәселені жұдырықпен емес, сөзбен шешуді үйрету қажет дейді. Оларға сөзге тоқтап, мәмілеге келуді үйретпесе, мәселе ушығып барады. Ал ата-аналар бәрін мектепке артып қойған, қолдары тимейді...
Бақыт Рахметова, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт».