Русский Сайттың толық нұсқасы

Трамп пен демократтар ортақ келісімге келмесе, АҚШ саяси дағдарысқа ұшырайды - Л.Мэнсон

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2019
  • 2619

Бөгет тұрғызуға 5,7 млрд доллар бөлінсе, АҚШ-та «шатдаун» аяқталады. Үкімет жұмысын қалпына келтіру үшін Дональд Трамп осындай ұсыныс айтты. Мексикамен арадағы шекараға қорған салуға қаражат берілсе, заңсыз мигранттарға да қолдау көрсетпек. Яғни, DACA бағдарламасы арқылы мигранттардың балаларын елде қалдырады. Тіпті, шекарадағы есірткі саудасымен күресу үшін бюджеттен ақша бөлуге де дайын.  

Дональд ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Елдегі шекараны қорғау үшін бізге 5 миллиард 700 миллион доллар қажет. Қабырға дегеніміз - бір теңізден екіншісіне дейінгі аралықтағы 2000 мильдік бетон емес. Бұл - ең маңызды аймақтарды қорғайтын болат тосқауылдар. Біздің жоспар әділ, адал әрі ақылға қонымды.

АҚШ Үкіметінің жұмыс істемей тұрғанына 1 айдай болды. 800 мың мемлекеттік қызметкер жалақысыз жұмыс істеп жатыр. Кейбірі үйдегі жиһазын сатса, енді бірі несие алған. Шенеуніктер шатдаун біткенше, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. 

Лестер МЭНСОН, САЯСАТКЕР:  

Қазір біз саясатты күштеп жүргізудеміз. Шын мәнінде, бұл бірнеше миллиард доллардан асатын қаражат. АҚШ-тың бюджеті жетеді. Ақша бір бөлігін ғана құрайды. Сондықтан мәселе қаржыда емес, саясатта болып отыр. Шатдаун қаншалықты ұзақ болса, елдегі жағдай да соншалықты қиындай береді.

Дауыс беру келесі аптада басталады. Бірақ, сенат заң жобасын қолдап отырған жоқ. Саясаткерлер: «Трамп пен демократтар ортақ келісімге келмесе, АҚШ саяси дағдарысқа ұшырауы мүмкін»,-дейді.  

А. Бектас