Жоғарғы сот өмір бойына бас бостандығынан айрылған Владислав Челахтың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бүгін соттың кассациялық алқасы бұрынғы шекарашының шағымын қарастырды. Бірақ, сот мәжілісіне төрағалық етуші судья Абай Рахметуллин екі тарапты тыңдап болған соң қылмыстық іске қатысты барлық актілердің өз күшінде қалатынын мәлімдеді. Бұған дейін Владислав Челах Біріккен ұлттар ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитетіне арызданған. Ал, олар Халықаралық пактінің 14-ші бабы бұзылғаны жөнінде шешім шығарған еді. Осыған сүйенген ол сотқа өтініш хат жолдаған. Онда Владислав Челах мамандандырылған ауданаралық әскери соттың үкімінің күшін жойып, істің қайта тергелуін және құқығының тапталғаны үшін мемлекеттен өтемақы ретінде 30 млн теңге сұраған.
Гүлмира ШАЛДЫҚОВА, АДВОКАТ:
Ол өзінің өтінішхатында қорғау құқы бұзылғанын жазды. Себебі, оның келісім бойынша жалданған адвокатына іс материалдарымен танысу құқығы берілсе де уақыт жеткіліксіз болған. Осы шағымға байланысты сот осындай үкім шығарып отыр.
Сот алқасының мүшесі Лариса Шепелеваның айтуынша, Челах ісіне қатысты шығарылған сот актілерінің барлығы заңды. Тергеу кезінде сотталушының өзі де кінәсін бірнеше қайтара мойындаған. Естеріңізге салайық, 2012 жылғы мамырда Алматы облысындағы «Арқан керген» шекара бекетін күзетіп тұрған Владислав Челах 14 әскери қызметкер мен қорықшыны атып өлтірді деп айыпталған еді. Сол жылдың желтоқсанында ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Челах Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» колониясында жазасын өтеп жатыр.
Д. Қайыртай