Русский Сайттың толық нұсқасы

Бас дәрігер Елжан Біртанов орманшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты пікір білдірді

  • AstanaTV
  • 22 қаңтар 2019
  • 2655

Далада браконьерлерден жапа шеккен қорықшыға санавиация мен реанимобиль жіберуге ауа райы қолайсыз болған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерлердің орманшы Ерлан Нұрғалиевті құтқара алмауына қатысты пікір білдірді.   

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: 

Енді түсіну керек қой - ешкім үйде жатып, ауруға, науқасқа көмек бермеймін деген жағдай болған жоқ. Бүкіл мүмкіндіктерді біз пайдаланып, құтқаруға күш салдық. Бірақ, өкінішке қарай, осындай жағдай болды.

Ал, инспекторға шабуыл жасап, оны өлтірді деген күдіктінің бірі - 34 жастағы Берік Ахметовтың әкесі баласы үшін кешірім сұрайды. Мейрамбек Ахметов ұлының от басқаны үшін өкінетінін жеткізді. Күдікті Қызылорда қаласына іргелес орналасқан Абай ауылында ата-анасымен бірге тұрған. Дәл осы ауылда комбайн жүргізіп нан тапқан. Төрт баланың әкесі. Ол «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасағалғаннан бері үйіне оралмапты.  

Мейрамбек АХМЕТОВ, КҮДІКТІНІҢ ӘКЕСІ: 

Қайтыс болған жігіттің отбасына және ұжымына, бүкіл қазақстандықтардан кешірім сұраймын және көңіл айтамын. Қайтейін, ойнақтап жүрген балам от басты. Кешірім сұраймын халқымнан, елім аман болсын, жұртым тыныш болсын.

Қалған екі күдіктінің отбасы туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ. Белгілісі - олар да Қызылорданың тұрғындары. Бірі-34, екіншісі-32 жаста. Ішкі істер министрлігі табиғат қорғаушы инспекторды өлтірді деген күдікпен іздеуде болған үшеуді ұстап, қамауға алғанын хабарлады. Еске салайық, инспекторлар 13 қаңтарда Қарағанды облысы Нұра ауданының аумағында бес киікті заңсыз атқан браконьерлерді анықтайды. Тіркеу нөмірі жоқ автокөлікті тексеру кезінде аңшылар «Охотзоопром» инспекторларына қарсылық көрсеткен. Ауыр жарақаттанған қорықшының бірі қаза тапты.   

Ш. Сақтапова