Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістандағы мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттік үшін мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да жауапқа тартылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 қаңтар 2019
  • 5645

Түркістанда мектеп оқушылары арасындағы әлімжеттікке жол бергендер мен тәртіпті әлсіреткендер де жауапкершілікке тартылады. Қазір арнайы органдар оқиғаның себебін анықтап жатыр. Әзірге күш қолданғандар да, таяқ жегендер де 9-сынып оқушылары. Айзада Төребекқызы тарқатсын.   

Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазба Түркістан қаласында түсірілген. Бір топ бала бірнеше жасөспірімді тепкілеп, ұрып - соғып, тіпті балағаттап жатыр. Кейбірінің қолында темекі, «тіліңе басамын» деп, әлімжеттік жасайды. 18-ші қаңтар күні болған бұл жағдайды полицейлер видео тарағаннан соң анықтады. Түркістан қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, жайсыз жағдай 9-сыныптың оқушылары арасында болған. Қаладағы үш мектептің 8 баласы көрші мектептің үш ұлын көшеден әкетіп, жәбірлеген.     

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Нақты төбелес неден шыққаны белгісіз. Біздің қазіргі білетін мәліметіміз 9-сыныптардың төрт мектептің арасында болған оқиға болып тұр. Бұрын бұндай оқиға болмаған. Бұл мәселе бойынша тиісті осы оқиғаның болуына себепкер болған және оның алдын алу барысында жұмыс жасау үшін жауапты қызметкерлер тиісті мен ойламын ол кісілер тәртіптік шара көріледі деп.

Мектеп мұғалімдері бұл жағдай сабақтан тыс уақытта, мектептен аулақ жерде болғанын айтып ақталды. Бірақ, бұл білім беру орындарының жауапкершілігін азайтпасы анық. Ал, заңға сүйенген шымкенттік белгілі адвокат Дәурен Момбаев бұзақылық жасағандардың ата-анасы да жазалатынын айтты.     

Дәурен МОМБАЕВ, АДВОКАТ: 

ҚР ҚК 140 бабымен тартылып, кінәлі деп саналып, сотталуы мүмкін. Ол осы бап бойынша 120 АЕК пен айыппұл салынады немесе 30 күнге дейін арестке. Осы бейнежазбаны жазған адамдар да жауапкершілікке тартылады ҚР ҚК 313 бабымен.

Бесіктен белі шықпаған балалардың қатарластарына қорлық көрсетуі, қатігездікпен күш қолданып, басынуына не себеп болғаны белгісіз. Психологтар мұның бірнеше себебін алға тартты.  

Марина ТОЛЬЦМАН, ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ ДӘРІГЕР-ПСИХИАТР: 

Басты себеп - үйдегі тәрбие. Бала көргенін істейді. Сондықтан балаға мейлінше көп назар аудару керек. Мәселен, тарақанның аяғын жұлып жатқанын көріп мәз болып қарап тұра беруге болмайды. Оның қатігез болуына жоғарыдағы әлімжеттік видеолардың да кері әсері бар. Кейбірі жасқаншақ болып қалса, енді бірі өзінен зор біреу шықпас үшін басынан сөз асырмауға тырысады. Осыдан келіп агресссивті бала шығады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. «Топ болып бұзақылық жасау» бабымен іс тергеуге алынған. Ал, мектептерді арнайы комиссия тексеріп жатыр.

А.Төребекқызы