Мектеп бағдарламасынан бас тартқан павлодарлық отбасы тағы бір баласын үйден оқытпақ. Юрий Кузиннің мұндай шешімге келуіне 7 жасар қызының қалауы сеп болған. Анасының сөзінше, білім алу үшін сабаққа бару міндет емес. Өйткені, баланы мектептен тыс та жан-жақты дамытуға болады деп есептейді. Ал, психологтар бұған не дейді? Әсемгүл Мұхитқызының репортажы.
12 жасар Радомираның қызығушылығы көп. Ол түрлі бағыттағы 6 үйірмеге қатысады. Музыка, спорт, театр, сурет салу, тіпті, техникалық мектепке де жазылған. Бос уақыты жоқ деуге болады. Анасының сөзінше, соңғы кездері қызы химияға ден қойып жүр.
Радомира КУЗИНА:
Егер, мен мектепке барған болсам, мына үйірмелердің көбіне үлгермес едім. Оларды жол ортадан тастағым келмейді. Қазір мен ұнаған бағдарламаны мектепке қарағанда жылдамырақ меңгере аламын. Мысалы, маған математикадан бір тақырып ұнаса, мектептегідей уақыт созбаймын. Бір-екі сабақта-ақ үйреніп аламын.
Бұл отбасы осыдан бес жыл бұрын елге танылды. Сол кезде ата-ананың мектеп бағдарламасынан бас тартуының арты үлкен дауға ұласқан еді. Светлананың сөзінше, содан бері ештеңе өзгермеген.
Светлана КУЗИНА, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Оқытудағы басты мәселе - баланың өздігінен дайындалуына жағдай жасау. Меніңше бұл өте маңызды. Қазір мен тұңғышыммен қалай жұмыс істедім, сол принципті ұстанамын. Ең алдымен оған не қызықты, соған мән беремін. Мәселен, Лучезара математиканы ұнатады. Үш мәнді сандарды еркін қосып, тіпті, көбейте алады.
Радомираның қатарластары қазір бесінші сыныпта. Ал, ол бар бағдарламаны мектепке бармай-ақ үйде өздігінен оқиды. Мұғалімдердің айтуынша, айына бірнеше рет емтихан тапсырады. Оқу үлгерімі орташа. Ал, сіңлісі Верослава төрт оқиды. Мектепке барып, білім алу оның қалауы көрінеді.
Зәуреш ЖҮСІПОВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №42 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МЕҢГЕРУШІСІ:
Қыздың ана-анасымен үнемі байланыстамыз. Үйіне жиі барамыз. Анасы мектепке де келіп тұрады. Бала мектеп қабырғасында оқу керек деп талай айттық. Түсіндіріп жатырмыз. Өйткені, мұнда баланың дамуына барлық жағдай жасалған.
Психологтардың пікірінше, баланың әлеуметтенуіне мектептің рөлі зор. Үйде отырған бүлдіршін тиісті біліммен қоса, ортамен белгілі бір деңгейде қарым-қатынас жасаудан қағылады. Сәйкесінше, өсе келе түрлі проблемаға тап болуы әбден мүмкін.
Алма БАИСОВА, БАЛАЛАР ПСИХОЛОГІ:
Психологиялық тұрғыдан алар болсақ, балаға социум керек. Яғни, оның бейімделіп, әрі қарай адам болып қалыптасуына осы ортада білім алып, тәрбиленуі маңызды. Сондықтан кез келген бала мектеп қабырғасында оқып, қоғамға бейімделіп, өмір сүруі қажет.
Бірақ, Кузиндер отбасының өз пікірі бар. Олар үшінші қызы Лучезараны да үйден оқыту туралы өтініш жазған.
Ә. Мұхитқызы