Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордадағы ескі үйлер жаңғырту бағдарламасымен жөнделмек

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2019
  • 4516

Көне үйгерге қайта жаңғырту бағдарламасымен жөндеу жүргізу қаншалықты тиімді? Қызылордада қос қабатты ескі 8 үй бар. Ондағы тұрғындар 70 жылға жуықтаған нысандар жөндеуге келмейді деп отыр. Жергілікті атқамінерлер модернизация жасауға ұсыныс жасапты. Арнамызға шағымдарын айта келген тұрғындардың мәселесін тілшілеріміз тыңдады.  

Пәтердің іші дымқыл тартады. Қабырғасы көгеріп, кейбір тұсы тесіліп қалған. Көне үйдің көбісінің жағдайы осындай. Бұл маңдағы қос қабатты үйлердің жертөлесі, су құбыры мен кәріз жүйесі жоқ. Ескі нысандар елуінші жылдардың соңында салынған көрінеді. Көпшілік қабырғаны қанша ақтап, бояп, тұсқағаз жабыстырғанмен, көп ұзамай көгеріп кетеді,- дейді.  

Сара БАЗАРБАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бес айлық баламыз бар, немерелеріміз. Жиырма күннен асты аурып жатқанымызға. Мынандай үйдің состояниесінде қалай тәуір болуға болады? Дәріден дәрі шақ келмей жатыр. Қалай қылып әктесек те, қалай қылып ремонт жасасақ та болмайды, мүмкіндік жоқ.

Орталықтағы Бөкейхан мен Қизатов көшесінің бойындағы бұл үйлер қала көркін де бұзып тұр. Ауласы да жұтаң. Спорт алаңқайы атымен жоқ, есесіне қара құлып салынған түздегі дәретханалар әр жерде көрінеді. Кей үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмаған. 42 отбасы от жағып отыр. Тұрғындар баспана жағдайын айтып талай табалдырықты тоздырыпты.  

Әсемгүл СЕЙІТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  

Бұл модернизацияға көнбейді қазіргі жағдайда. Үйде тұру мүмкіншілік жоқ, құлау қаупінде тұр, көгеріп жатырмыз. Шатырлары ескірген, су ағады әрбір үйде. Лестницалары ағаштан жасалған, ағаш жарамсыз, құлап жатырмыз. Едендері жерге кіріп кеткен, түсіп кеткен.

Ескі үйлерді апаттық нысандар қатарына енгізу үшін тұрғындар өз қаражаттарына тәуелсіз сарапшылар жалдау керек. Десек те, қала билігі жаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге болатынын айтады. 

Берік СӘРМЕНБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Сол үйлерді модернизация жасауға жұмыс жасағанбыз. Алайда, ол үйдің тұрғындарының 70 пайызы келісім бермесе, біз оған модернизация жасай алмаймыз. Сол кісілер өздері жобалаушы мекемені де тағайындайды, жұмыс жүргізетін мекемені де тағайындайды. Әр үйдің егелері жиналып, әр үйді сараптама жасату керек. Жасатқаннан кейін қала әкімшілігіне өтініштерін жазу керек. Апаттық деп танылған жағдайда, біз оған дополнительно комиссия құрып, өзіміз барып тексереміз, зерттейміз.

Тұрғындар күрделі жөндеу жүргізуге келісім берсе, ескі үйлерге жылу, су құбыры мен кәріз жүйесі өткізіледі. Ал, әзірге қала кәсіпкерлері жұтаң ауданды көркейтуге атсалысып, заманауи дәретханалар салып жатыр. 

З. Санай