Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жасыл ауыл» жобасы бойынша жастарға 200 млн долларға 2 мың үй салынбақ

  • AstanaTV
  • 24 қаңтар 2019
  • 5524

«Жастар» жылында 200 млн долларға «Жасыл ауыл» салынбақ. Бұл туралы «Асыл адам» қорының президенті Көңілбай Шүкенов арнамызға берген сұхбатында айтты. Ауқымды жоба мемлекеттік грант бөлінгеннен кейін Ақмола облысында іске аспақ. Баламалы энергияны пайдаланатын заманауи ауыл 2 000 отбасына салынатын болады. Жоба авторлары әзірге пилот ретінде 200 үйді көтеруді жоспарлап отыр. 2022 жылы аяқталатын жобаның құрылысына жалынды жастар мен еріктілер ат салысатын болады. Мақсаты - жастарды жұмыспен қамтып, баспаналы болуға көмектесу. Қор президенті келешекте «Жасыл ауылды» елдің барлық өңіріне салуды жоспарлап отыр. Бұған дейін қайырымдылық қорының «Бақытты отбасы» жобасының арқасында 40-тан астам отбасы баспаналы болды.  

Көңілбай ШҮКЕНОВ, «АСЫЛ АДАМ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Елбасының Жолдауын қабылдағаннан кейін, Жолдауға біздің жауабымыз деп айтуымызға болады. Сол жауабымыз «Асыл адам» қорының алдыңғы уақыттағы жобалары. Ол бағытта жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Жастарды жұмыспен қамту. Жастарды баспанамен қамту. Осы жобада осы «Жасыл ауылда» тұратын жастарды көргіміз келеді.

Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері биыл елдегі жас кәсіпкерлер саны артатынына сенімді. Ол үшін бизнес саласында жетістікке жеткен танымал тұлғаларды жастармен біріктірмек. Олар тәжірибесі мол кәсіпкерлердің бизнеске қадам басқан жастарға берері мол деп санайды.  

Тимур ЖҰМЫРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАРАСЫМ» РЖҰ ТӨРАҒАСЫ: 

Елбасы жастарға ұлтына, тіліне қарамастан ынтымақтастықта өмір сүріп, жетістікке жетудің тиімді екендігін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы жастар ұйымы ретінде біз бұл идеяны жүзеге асыру мақсатында еліміздің бүкіл жастарының басын қосуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, ірі қалалардан бөлек, ауылды жердегі жастарға жіті көңіл бөліп, үздік деген бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау көрсетеміз.  

Д. Сапарқызы