Русский Сайттың толық нұсқасы

Кейбір азаматтардың ипотекалық қарызын кешіру мәселесі

  • AstanaTV
  • 26 қаңтар 2019
  • 4265

Елімізде 5 мыңға жуық азаматтың ипотекалық берешегін қайта қарау талқыланып жатыр. Ұлттық банк жанындағы жұмыс тобының соңғы екі отырысында бірнеше қоғамдық ұйым жетекшілері мүгедектердің, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген әлеуметтік топ өкілдерінің, мүгедек балалары бар отбасылар мен борыш қайтыс болған ата-анасынан қалған жетімдердің қарыздарын кешіруді ұсынған. Бұл бастаманың қаншалықты жүзеге асатыны белгісіз. Дегенмен Ұлттық банк те, екінші деңгейлі банктер де қарастыруға болатын ұсыныс екенін айтқан.  

Ұлданай ҚАМБАРОВА, «КӘУСАР БҰЛАҚ» ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Түбегейлі шешімді қарап, кешіру-кешірмеуді шешетін тек банк. Егер бұл кешіріледі десе, кешіріледі. Ол кешірілмесе, тағы да комиссияда қаралады. Онда адам өзін дәлелдеу керек. Онда прокуратура, КНБ, Әділет департаменті , балалардың құқығын қорғайтын ұйымдар бар. Алматы қаласында Әйтеке би,67 деген көшеде халықты қабылдап жатыр. Дүйсенбіден жұмаға дейін. Сол жерге келіп, ақпарат жинап, түсініктеме алуға болады.

Алматының іргесінде тұратын Салпаяқовтар отбасы 2007 жылы құрылыс бітпеген жер үйді ары қарай салу үшін 4 млн. теңге тұрғын үй ипотекалық қарызын алады. Алайда отбасын асыраушы Әлібек Салпаяқов екі рет инсульт алып, бірінші топ мүгедегі болып қалады. Көп жылдан бері төсек тартып жатқандықтан жары Гүлбаршын Менесбаеваның несиені төлеуге шамасы келмей қалған. Екі баласы студент болғандықтан, күйеуінің күтімімен үйде отырады. Қоғамдық бірлестік өкілдері міне, осы секілді отбасылардың қарызын қайта қарап, мейілінше кешіру керек деген ұсыныс айтып отыр.

Гүлбаршын МЕНЕСБАЕВА, БОРЫШКЕР:

Алған қаражатты жұмсағанда осы үйді көтердік. Үйіміз шала-шарпы бітпеді. Сырты тұр, әлі 2-3 бөлме тұр. Шалымыз ауырды да ешқандай еш жақтан не болған жоқ... Табыс болмай қалды. Азын-аулақ мына жерде тамақ істеп, жаздың күні поляға барып жұмыс істейміз, балам екеуміз. Енді сұрайтыным, кешірім берсе бізге!

Қарызды кешіру бойынша біз Ұлттық банкке сауал жолдаған болатынбыз. Жазбаша жауап қайтарған еліміздің бас банкі бұл ұсыныстың болғанын растады. Ипотекасы бар адамдардың құқығын қорғайтын бірнеше қоғамдық бірлестік әлеуметтік аз қамтылған адамдарды 4 категорияға бөліп, олардың берешектерін кешіру туралы талқылаулар өткізуге ұсыныс жасапты. Сонымен олар кімдер?

1. ҰОС арадгерлері мен мүгедектері, оларға теңестірілгендер: (223 борышкер- 1 млрд. 65 млн. теңге) 

2. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер(145 борышкер- 634 млн теңге)

3. Мүгедек бала асырап отырған отбасылар: (190 борышкер- 1 млрд. 68 млн. теңге)

4. Жетім балалар немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар: (6 борышкер- 25 млн. теңге)

Александр ТЕРЕНТЬЕВ, ҚР ҰБ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:  

Жұмыс тобында қаралған жағдайлар бойынша айтарымыз - қарыздарды жаппай кешіру керек деген мәселе тұрған жоқ. Күшті бірктіру арқылы нақты көмекке зәру азаматтардың бейнесі анықталатын болады. Қарызын шама-шарқына қарай өтеп жүрген, бірақ көмекке мұқтаж азаматтарға басымдық берілуі мүмкін. Дәп қазір нақты шешім қабылдауға ерте деп ойлаймыз.