Тоқсаныншы жылдары шағын қалалардан жұрт үдере көшіп, көпқабатты үйлердің қаңырап қалғаны мәлім. Бүрсеңдеп тоңып, ашқұрсақ болған адамдар үлкендеу қалаларға кетті. Ал апатты жағдайдағы ондай үйлер әлі де тұр. Қамығып көретін деректі фильмдер түсірілетін алаңдар... Ең жаманы - ондай үйлерде өмір сүріп жатқандар бар. Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласынан мысалды Ирина Якунина мен Әлішер Өмірзақ келтіреді.
Мына ғимаратты тұрғын үй деуге ауыз бармайды.Төбесінен су тамшылап тұр. Терезелері де түгел емес. Бірақ бес қабатты тұрғын үйде бір отбасы өмір сүріп жатыр. Татьяна Иванованың көршілері табыс көзі болып отырған ет комбинаты жабылғасын көшіп кеткен. 17 жастағы қызы үшін алаңдайды. Қаңырап тұрған бос бөлмелерді нашақорлар мен ішімдікке салынғандар пана етеді. Шақырылмаған қонақтар бірнеше рет Татьяна Иванованың үйін тонамақ та болған.
Татьяна ИВАНОВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Алғашында барлығы қорқынышты болып көрінетін. Амалсыз көндігіп, қазір үйреніп те кеттік. Қалада: «Бұрынғы ет комбинатының жатақханасы»,- десе бәрі онда жалғыз Ивановтардың тұратынын біледі.
Бес қабатты үйді қалыпты жағдайда ұстап отыру бір отбасының қолынан келмейтіні түсінікті. Шамалары шатырдан басқасына жетпей отыр. Ал бөлмедегі ылғалдың салдарынан түсқағаздар түсіп, сылағы опырылып жатыр.
Татьяна ИВАНОВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Міне, осындай жағдайда өмір сүріп отырмыз. Түсқағаздардың барлығы түсіп жатыр, ылғалды, жөндеу жұмыстарын жасағанымызбен нәтиже жоқ. Ал ас бөлмедегі жағдай мүлде сұмдық. Төбесінен су ағады. Соның салдарынан қысқа тұйықталу жиі болып тұрады.
Соңғы 15 жылда Ивановтар әулеті Риддер қаласы әкімдігінің табалдырығын тоздырып келеді. Үйді жөндеп берсе дейді. Ал әкімшілік әрекетсіз. Жалпы, бұл тұрғын үйде тұрмысқа қажетті жарық, су, кәріз құбыры, жылыту жүйесі, тіпті интернет те жүргізілген. Баспалдақтары да көтеріліп түсуге жарап тұр. Тек бір күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізсе болса болғаны. Алайда әкімдік үйді апатты деп танығысы келетін сияқты.
Қуат МҰХАМЕДЧИНОВ, РИДДЕР Қ. ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Біз бұл ғимаратты қалпына келтіруге тырыстық. Кәсіпкерлерге де ұсындық. Дегенмен ешкім келіспеді. Енді алдағы наурыз айында үйге толық сараптама жүргізу үшін бюджеттік өтінім дайындап жатырмыз. Сонда нақты шешім қабылданады. Жалпы, бұл үйді апатты деп тануымыздың ықтималдылығы жоғары.
Ивановтар отбасы бұл шешімге түбегейлі қарсы. Себебі үйді апатты деп танитын болса жарықты да, жылуды да, суды да өшіреді. Ал әкімдіктегілердің айтуынша, оларды басқа үйге көшіру мүмкін емес. Себебі тұрып жатқан пәтері жекешелендірілген. Яғни құжат жүзінде баспаналары бар. Сондықтан үй алуға кезекке тұрудан басқа амалы жоқ. Шынында, бес қабатты үйді жөндеуді Риддер қаласының бюджеті көтермейді. Ондағы 40 пәтерді қалпына келтірудің өзіне 300 миллион теңге кетеді. Соңғы үмітіміз моноқалаларды дамытуға арналған бағдарламаларда, - дейді үй иесі. Жоба аясында Риддерге көшіп келетіндер үшін осы тұрғын үй таңдалып, ақыры жөнделеді деген үміті бар.
Татьяна ИВАНОВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен бұл үйді қайта қалпына келтіргенін қалаймын. Пәтерлер үлкен, бөлмелері де кең. Мәселен, біздікі 83 шаршы метр. Үлкен, әрі жайлы.
Қоныс аудару бағдарламасынан Островский көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары да үмітті. Олар тұрып жатқан үйді құрылыс жұмыстары толық аяқталмай тұрып, 90-шы жылдары Алексей Андреев есімді кәсіпкер сатып алған. Барлығын аяғына дейін жеткізуді өз мойнына алған. Арада 30 жыл өтсе де ешнәрсе істелмеген, сол қалпында. Жартылай аяқталмай қалған үйдің бір бөлігінде қаңғыбас иттер жүр. Нашақорлар да аз емес. Қоқыс төгетіндері де бар. Ал ең қорқыныштысы - ойында ештеңе жоқ кішкентай балалар да ол бөлікті ойын алаңына айналдырған.
- Құрылыс алаңын жиыстырып жатқанда үлкен тақта құлап кетіп, кішкентай баланы басып қалды. Мен үйде болғам, баланың шыңғырғанын есітіп, атып шықтым. Дер кезінде үйінді астынан шығарып алдық. Аман қалды.
- Қоқыстың кесірінен егеуқұйрықтар да көбейді.
- Әкімдіктің бұл үйдің жартысын қалай жеке кәсіпкерге сатқанын әлі де түсінбеймін.
Қаланың архитектура бөліміндегілердің айтуынша, әлгі Андреев деген кәсіпкер 2016 жылы үйдің құрылысын қайта жалғастырмақ болған. Ол үшін әкімдіктен жер телімін де сұратқан. Нәтижесінде жерді алған, бірақ құрылысты бастамақ түгілі, құрылыс алаңын қоршамаған. Оған жолданған хатқа, шалынған қоңырауға да жауап бермейді, дейді шенеуніктер. Енді барлық заңмен қарастырылған рәсімдерді аяқтағасын қаланың сәулет бөлімі кәсіпкерді сотқа бергелі отыр.
Елена МАСЛАКОВА, РИДДЕР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ СӘУЛЕТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ол жөндеу жұмыстарын қолға алуға ниетті болса, осы үйді қалпына келтіру туралы сараптама қорытындысын жіберуі қажет. Олай болмаған жағдайда біз сотқа шағымданамыз.
Тұрғындар болса уақыт өткен сайын қирап жатқан бұл үйге инвесторлардың да қызығушылығы жоғалып, соңында Ивановтар әулетінің тауқыметін кешеміз бе деп қорқып отыр. Ал үй апатты деп танылса, адамдар қайда барады? Үйді жөндемей отырған Андреевке бәрібір екені түсінікті, ал әкімдіктегілерге ше?
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ИРИНА ЯКУНИНА "БІЗДІҢ УАҚЫТ"