Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда облыстық мүлік және жекешелендіру департаменті бренд маркадағы сөмкелерді сатып жатыр

  • AstanaTV
  • 01 ақпан 2019
  • 2718

Оралда мүлік және жекешелендіру департаменті бренд сөмкелерді саудаға шығарды. Мекеменің ресми сайтында Француздық атақты «Луи Ветонның» бес сөмкесі небәрі 186 мың теңгеге сатылып жатыр. Департамент өкілдері бұл бұйымдардың тәркіленгенін, енді сатылатынын растады. Ал, саудадан түскен ақша мемлекет қазынасына аударылмақшы. Қазір аукционға қатысушылардан өтініш қабылдау жүріп жатыр. Бәссаудаға кез-келген адам кепіл ретінде 9 мың теңгесін төлеп, қатыса алады. Сөмкелер бағаны төмендету тәсілімен сатылады. Ең төменгі баға - 30 785 теңге. Департамент өкілдері қазір тауардың нақты құнын бағалау үшін тәуелсіз сараптамаға тапсырыс беріпті. Өйткені, бұлар көшірме болуы да мүмкін. Дегенмен, бұл бұйымдардың қайдан әкелінгені, қандай қылмыстық істің айғақ заты ретінде тәркіленгені беймәлім болып қалды. 

Меңболат ОМАРОВ, БҚО МҮЛІК ЖӘНЕ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

БҚО мүлік және жекешелендіру департаменті ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, тәркіленген мүлікті қабылдау-тапсыру актісімен біз сот орындаушыларынан қабылдап аламыз. Одан әрі бағалау жұмыстары жүргізіліп, электронды сауда-саттыққа шығарылады. Біз соны шығарып, жұмыстанамыз.

Атақты брендтің қолтырауын терісінен жасалған қол дорбасы Парижде 25 000 еуроға, яғни, 10 млн-нан аса теңгеге саудаланады. Байерлердің айтуынша, қазақстандықтар көбіне теріден тігілген сөмкелер мен аяқ киімдерге тапсырыс береді екен. Елдегі бір байердің өзі айына орта есеппен 20-дан аса «Луи Ветон» бұйымдарын әкелетін көрінеді.

Наталья, БАЙЕР:

Еуропада бұл брендтің ең арзан сөмкесі 800 еуродан, теңгемен 350 мыңнан басталады. Қазақстандықтар ресми сайттан тауардың белгілі бір түрін таңдап, тапсырыс береді. Мәселен, мен қазір біраз тауарға тапсырыс алдым. Енді 4 ақпанда Парижге баруды жоспарлап отырмын.

Е. Карин