Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ұлы Дала» байқауының жеңімпаздары анықталды

  • AstanaTV
  • 02 ақпан 2019
  • 5039

«Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы мәресіне жетті. Былтыр Президент «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына серпін бергені белгілі. «Ұлы дала» шығармашылық байқауы бастауын содан алады, мұраты - жас буынға мәңгілік құндылықтарды дәріптеу. Партия бұл жобаны Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп ұйымдастырды. Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатысты. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам еңбек келіп түскен. Нәтижесінде бес аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Уатхан Қабылтайдың репортажы.  

Әдебиет - ұлтымыздың жүрегі. Мәдениеттің жаухары саналатын саланың елімізде даму қарқыны жақсы. Тек, балалар әдебиетіне келгенде тілімізді тістейміз. Жүгі ауыр болған соң ба, көп қаламгерлер осы салада қалам тартуға сескенеді. Балалар әдебиетіне қорықпай барған жас ақының бірі - Серікбол. Тілі шалауыз балаларды асыл сөздермен құнарландыруды өзіндік парызы деп тапқан. Ол елімізде осы бағыттың кенже дамып келе жатқанына қынжылады. Бұрынғы авторлардың шығармаларын тәтті түс қып еске алады.  

Серікбол ХАСАН, «АЙҚЫН» АҚПАРАТТЫҚ САЯСИ ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Балалар әдебиетін былай қарағанда саяси жанр деп қарауға болады. Мысалы, Крыловтың жазған мысалдары былай қарасаң, балаларға арналған жануарлардың әрекеті, балалар өлеңі, мысал сияқты, бірақ астарын ашып қарасаң, сол қоғамдағы көріністер.

Қазір жасөспірімдерге арнаған өлеңдерінің біразы жиналып қалған. Бұл салаға бұрынан қызығады, тек қолдау жоқ, қатарластарының кейінге тартатыны тағы бар. Болашақта бүлдіршіндерге арналған бағдарлама, болмаса жаңашылдықпен жақсы дүние жасағысы келеді. «Ұлы Дала»шығармашылық конкурсынан иеленген жүлде қаржысын осы бастамаға жұмсаймын дейді. Айта кетейік, оның «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасы шығармашыл бәйгеде жүлделі орын алды.

Серікбол ХАСАН, «АЙҚЫН» АҚПАРАТТЫҚ САЯСИ ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Марат Қабанбайдың өзі «кейбіреулер маймылдан тараса тараған шығар,мен жылқыдан тарағанмын деп айтады. Шындап қарасаң сондай, біздің қазақ сәби дүниеге келсе міне атұстарым келді деп, баласын құлыным деп еркелетеді. Сондықтан мен өзімнің өлеңімнің тақырыбын Жылқы етіп алдым.

Көкпарға әкем алып келді,

Мұндай бақыт бар ма маған!

Сын додаға салып берді,

Қолдады әкем: алға балам!

Топқа кірдім ашып әрең,

Тайым тіпті пысқырмады.

Сауырынан қамшылап ем,

Тұяқ тіреп ышқынғаны.

Қарауытып барады екем,

Қазанаттар қағысқанда.

Анадайдан ақырды әкем:

Сенде өзі намыс бар ма?

Жалпы, қаламын қару еткен ақын-жазушылар шабыттарын бәске тіккенді ұнатады. Жалындаған жырларын суытпай жарыққа шығарғанын қалайды. Ақындар үшін қоржынды байқаудың бірі «Ұлы дала» конкурсы болды. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам ақын-жазушылар еңбектерін бәйгеге тіккен. Олар бес бірдей аталым бойынша байқауға қатысты: «Драматургия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі» «Поэзия», «Публицистика», «Проза»,«Балаларға арналған шығармалар». Байқаудан жүлделі қаламгерлердің шығарламалары алда көлемді мақала, кітап болып басылмақ. Оны «Нұр Отан» партиясы өз назарда ұстайды.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН»ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:  

Жастарға тартымды болатын, жастарға түсінікті болатын, жастарға ұнайтын, олардың арасында дұрыс құндылықтарды дәріптейтін, жақсы туынды, жақсы еңбектер керек. Осы себеппен біз Жазушылар одағымен бірігіп «Ұлы Дала»конкурсын жариялдық, осы конкурсты ұйымдастырдық, осы конкурсты жариялаған күнен бастап 400 ге жуық жұмыс келіп түсті.

«Нұр Отан» партиясы бұл байқауға бастама болғанымен қазылыққа араласпады. Шымшық сойса да қасапшы сойсын демекші, бәйге шығармаларын зиялылардан құрылған комиссия анықтады. Әділ өтуі үшін партия мүшелері келген шығармаларды тексеру кезінде автор есімдерін алып тастаған.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әр жанр бойынша көптеген шығармалар келді. 412 деген аз емес. Солардың ішінен жүзден жүйрігін таңдап алуда оңайға түскен жоқ. Бірақ менің ойымша, дарынды талантты жастар озып шығып, жүлдеге ие болды.

«Ұлы дала» шығармашылық байқауы жастар жылы аясында партия қолға алған жұмыстың басы ғана. Алда талай шаруа атқарылмақ. «Нұр Отан» партиясы Жазушылар одағымен арадағы меморандум аясында басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, «Астана» телеарнасы арқылы қалың көрерменге жол тартқан ақын-жазушыларымыздың өнегелі өмірінен сыр шертетін тележобасы тағы бар.

Көпен ӘМІРБЕК, САТИРИК АҚЫН, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жас тұлпарларды арғымақ етіп, сәйгүлік ету ертең үлкен пыраққа айналдыру, өйткені оларды баптаса, үлкен баққа айналады ғой. Олардың әрқайсысы бір-бір шыбық.

Байқауға қатысқандардың сыйлықтары ақшалай үлестірілді. Бірінші орынға 1,5 млн, екінші орын 750 мың, үшінші орын иеленген қатысушы 500 мың теңгеге қанжығасын майлады.

Мақсат МӘЛІК, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:

Осындай байқауға қатысқан жастардың бойында бір стимул пайда болады. Материадық жағы бар. Мәселен, жүлде болған соң қаржысы бар дегендей. Сондықтан қуаныштымыз, осындай бәйге ұйымдастырғанға. Әдебиетті, әсіресе шығармашыл жастарды қолдап жатқанына.